Құқық қорғау органдары

Қалалық тәртіп сақшыларының слеті өтті

Көптен күткен екі жұлдыз. 9 бірдей петропавлдық тәртіп сақшысы лейтенант шеніне ие болды. Полиция қызметкерлері салтанатты түрде жас мамандардың слетінде марапатталды.

Тергеушілер, жылдам қимылдайтын арнайы жасақ мамандары мен әкімшілік полиция қызметкерлері. Залда өзінің өмірін құқық қорғау органдарымен саласымен байланыстырған 55 офицер мен сержант жиылған. Олардың аталған органда еңбек еткендеріне бір-екі жылдай ғана болыпты.

Кристина Дрягина – Петропавл қалалық полиция басқармасының бірінші бөлім тергеушісі:

– Мен құқық қорғау органына 2018 жылдың тамыз айында келдім. Жұмыс оңай емес. Бірақ, осы саланы таңдағаныма еш өкінген емеспін. Мамандығым өзіме ұнайды. Бүгін лейтенант шенін алып отырмын. Қызметке тұрғаннан бергі арманым осы болатын.

Кристина Дрягинадан басқа тағы 8 жас маманға лейтенант шені табысталды. Енді оларға артылып отырған жүк те ауыр. Дегенмен, полиция басқармасы бастығының орынбасары Жанат Самаратов қызметкерлердің бұл жауапкершілікті толығымен ақтарларына сенімді.

Жанат Самаратов – Петропавл қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары:

– Полиция қызметкерлерінің басты мақсаты – қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалау. Біз жас мамандарға мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексіндегі негізгі түсініктерді айтамыз. Олар азаматтардың конституциялық құқықтарын шектемеулері тиіс. Себебі, біз халық үшін қызмет етеміз.

Тағы шара барысында бірқатар полиция қызметкерлерінің ата-аналары алғыс хатпен марапатталды. Жалпы, мұндай жиындар тәртіп сақшылардың ұйымшылдығын арттыруға бағытталып өткізіледі екен.

 

Эльмира Садвокасова