Аптадағы маңызды жаңалықтар

Сыбайлас жемқорлықпен бірлесіп күресу қажет

Ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, білім, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, құрылыс. Бұл сыбайлас жемқорлық фактілері ең жиі кездесетін салалар болып табылады. Соңғысында 2 жыл ішінде 2 бірдей басшы парамен ұсталған. Бірі айыппұл төлеп құтылса, екіншісі 8 жылға бас бостандығынан айрылыпты. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Солтүстік Қазақстан облыстық департаментінің кеңейтілген кеңесінде айтылды.

Мынау – соңғы жылдары өңірде бармақ басты, көз қыстылыққа жол беріп, құрықталған мемлекеттік қызметкерлердің тізімі. Барлығы бірдей болмаса да, негізгілері. Соның екеуі – өздеріңіз көріп отырғандай, бірінің артынан бірі ұсталғандар: Валерий Затай мен Мұрат Абылаев.

Асхат Жұмағали – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының СҚО бойынша департаментінің басшысы:

–  Мұрат Аблаев қылмыстық схема құрып, жүйелі түрде пара алып келген. Экс шенеунік аузын майлағандарға емтиханнан сүрінбей өтіп, техникалық құжаттарды алуға жағдай жасаған. Бір қызығы, сынақ тапсыратын кабинеттер ешбір бейнебақылау камераларымен жабдықталмай, емтихан тапсыруы тиіс адамдардың орнына өзге біреулер келіп отырған. Құжаттар мүлдем тексерілмейді екен. Оның заңсыз қызметі, тіпті өзге өңірлерде де сұранысқа ие болыпты.

Осылай абыройын айрандай төккен мемлекеттік қызметші 8 жылға бас бостандығынан айырылған.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы облыстық департаментінің басшысы Асхат Жұмағалиді Мұрат Абылаевтың қарамағында жұмыс істеп, оған көмек көрсеткен тағы екі адамның қатаң жазадан сытылып кеткені мазалайды.

Асхат Жұмағали – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының СҚО бойынша департаментінің басшысы:

–  Өтебаев заңсыз аттестация алуға болатынын ұсынған. Тағы қызметтік әлеуетін пайдаланып, құрылыс алаңдарының бірінен өзіне қажетті кірпіштерді сұратып алған. Ал Шамилёв болса аттестацияға “жалған тұлғаларды” кіргіздіріп, емтихан тапсырмаған адамдардың дерегін базаға енгізіп отырған. Және қызметкердің еңбек өтілін көбейтіп көрсеткен. Осындай адам жауапкершіліктен қалай құтылып кеткен?! Менің соған таңым бар. Олар әлі күнге дейін мемлекеттік қызметте қалай жұмыс істеп жүр? Тіпті, Шамилёв басшылық лауазымда еңбек етеді. Сот процестеріне әкімдік аппаратынан адамдар қатысты. Неліктен шара қолданылмаған?

Шара қолданылыпты. Облыстық мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан Кенжеболатовтың айтуынша, олардың екеуіне де қатаң сөгіс жарияланған. Ал аттестация өткізетін бөлмелер барлық талаптарға сай етіп жабдықталыпты.

Ерлан Кенжеболатов – СҚО мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Сарапшылар аттестациядан өтетін кабинетте веб камера орнатылды. Ол барлық емтиханның өту барысын түсіреді. Бүгіндері сынақты тапсырушының суреті мен тест нәтижесі көрсетіледі. Тағы біз сотқа шағым жолдап бұрын заңсыз берілген аттестаттарды қайтарып алмақпыз.

Бірақ, мұндай жауапқа Асхат Жұмағалидің көңілі толмады. Заңды белшесінен басқан мемлекеттік қызметшілерге қатаң сөгіс жариялау ойға қонымсыз деген ол жазаны қайта қарастыруды сұрады.

Асхат Жұмағали – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының СҚО бойынша департаментінің басшысы:

–  Бұл адамдарды неліктен сонша қорғаштап отырғандарыңызды түсінбеймін. Бірі өз қажеттілігі үшін құрылыс материалдарын мердігер компаниядан талап етіп, қызметтік әлеуетін асыра пайдаланған. Екіншісі болса, Аблаевқа көмек көрсеткен. Қатаң сөгіс деген не ол? Әлі сол жерде еңбек етіп жүр. Мен олардың қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанына таңданамын. Оларға бұдан да қатаң шара қолдану керек деп есептейтін. Сіз жаңа басшы ретінде осыны ойластырыңыз. Егер құқықтық түрде кеңес керек болса, біздің департаментке жүгінуге болады.

Мемлекеттік қызметте алаңсыз тайраңдап жүрген бұл екеуіне қатысты облыс әкімдігі де тексеруді қайтадан жүргізбек. Ол туралы жиынды қорытындылаған өңір жетекшісінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров мәлімдеді.

Айдарбек Сапаров – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

–  Мемлекеттік мекеме басшылары, аудан және қала әкімдеріне сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында кешенді шараларды қолдануды тапсырамын. Елбасы бармақ басты, көз қыстылыққа жол берген қызметкердің басшысы жауапкершілікке тартылуы тиіс деген болатын. Тіпті, қызметтен босатылуы мүмкін.

Ай сайын қарамағындағы барлық қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу бағытында түсіндіру жұмыстарын өткізу қажет. Аймақ жетекшісінің осы салаға жауап беретін орынбасары Антон Федяев пен әкім аппаратының басшысы Қанат Сәрсенбаевқа аталған екі азаматқа қатысты қызметтік тексеріс жүргізуді тапсырамын.

Тексеріске Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы облыстық департаментінің мамандарын тарту жүктелді. Егер жаңағы фактілер расталса, онда облыстық мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасының аталған қызметкерлерін жауапкершілікке тарту қажет деді. Тіпті, оларды лауазымынан босату керек. Жалпы, өткен жылы мамандар өңірде сыбайлас жемқорлыққа қатысты 75 заңбұзушылықтың бетін ашқан. Нәтижесінде 35 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты.

Магжан Ахмадина