Құқық қорғау органдары

СҚО ПД консультативтік-кеңесші органы жиын өткізді

Өңір полицейлері сотқа дейінгі тергеу амалдарын қаншалықты сапалы жүргізеді? Бұл мәселе облыстық Полиция департаменті жанындағы консультативтік-кеңесші органның отырысында талқыланды. Бүгінде ведомстводағы тергеу кабинеттері барлық қажетті құрылғылармен жабдықталған екен. Бірақ, қызметке енді келген жас тергеушілер олқылықтарға жол беретін көрінеді.

Полиция департаментінің консультативтік-кеңесші органы депутаттар, билік өкілдері мен қоғам белсенділерінен құралған. Негізгі мақсаттарының бірі – ведомствоның жұмысын жақсарту бойынша мәселелерді талқылау. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары мен халық арасындағы байланысты нығайтып, жұртшылықтың полицейлердің қызметіне қатысты базыналарын тыңдап, басшылыққа жеткізеді.

Арман Бердағұлов – Петропавл қалалық мәслихатының хатшысы:

– 2018 жылы департамент басшылығымен облыстың барлық аудандарын аралап, 34 елді мекенге бардық. Осы кездесулерде мыңнан астам адам қатысты. 30-ға жуық мәселе қарастырылып, оң шешімін тапты.

Бұл – 2019 жылдағы алғашқы отырыс. Күн тәртібінде қаралып отырған мәселе – сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізудің сапасын арттыру. Яғни, қылмысқа қатысы бар деген күдіктінің заңмен белгіленген құқықтары да бар.
Мәселен, тергеушілер оны қамауға алу бойынша шешімді 3 сағаттың ішінде қабылдауы тиіс. Кейін 2 тәулік ішінде айып тағулары шарт. Дәлел табылмаса, босатулары керек.

Қайрат Қасымбеков – СҚО ПД тергеу басқармасының бастығы:

– Департамент және оның барлық бөлімшелеріндегі тергеу кабинеттерінің қабырғалары әйнектен жасалған және оларда сапалы бейнекамералар тұр. Осылайша, егер тергеуші күдіктіні белгіленген уақыттан артық ұстаған болса немесе басқа да ережелерді бұзса, оған тәртіптік жаза қолданылады.

Соңғы жылдары ІІМ қылмыстық сот ісін жүргізу үрдісін ізгілендіруге жіті көңіл бөлуде. Оның аясында енді ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен ұсталғандар ғана қамауға алынады. Алайда, сезіктілерді тергеу барысында олқылықтарға жол беру фактілері бар. Тергеу басқармасы бастығының сөзінше бұған көбіне жас тергеушілердің тәжірибесіздігі себеп. Сондай-ақ, жиында департамент бастығы Берік Біләлов 2019 жылдың нашақорлыққа қарсы күрес жылы деп жарияланғанын еске салды. Осы бағытта полицейлер мен кеңес мүшелері бірлесе біраз шаруа атқармақ. Жұмыс жоспары жиын барысында бекітілді.

Саят Ермек