Білім

“Өрлеу” біліктілікті арттыру орталығында оқулық авторлары семинар өткізіп жатыр

“Көкжиек-Горизонт” және “Cambridge University Press”  баспаларының оқулық авторлары өңір мұғалімдері арасында арнайы семинар өткізіп жатыр. 3 күндік курс барысында әдіскерлер мен шараға қатысушылар жаңа оқулық жобаларының мазмұндылығын талқылап, пікірлерімен бөлісті.

Дина Баелова – қалалық Бірінші гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі. Осы салада 23 жыл еңбектеніп келе жатқан ұстаз бүгінде 5-ші және 10-сынып оқушыларына сабақ береді. Нәзікжанды осындай семинарлардың мұғалімдер үшін пайдасы зор екенін айтып отыр. Себебі, осы жылдың жаңа оқу бағдарламасымен алдын ала танысып, туындаған сұрақтарымыз бойынша жауап алатын мүмкіндік бар дейді.

Дина Баелова – Бірінші гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі:

– Бұл семинардың ерекшелігі 2019-2020 жылдарға араналған оқулықтарды талдап, берілген тапсырмалардың жүйелілігін қарастырып, оқушыларға тиімді білім берудің жолдары арқылы сабақ жоспарларын құрастырып, өзіміздің шеберлігімізді шыңдап жатырмыз.

2019-2020-шы жаңа оқу жылына Алматы қаласындағы “Көкжиек-Горизонт” баспасының әдіскерлері 4-ші, 9-шы және 10-сынып оқушылары үшін бірнеше кітаптың жобасын ұсынып отыр. Бүгінгі курс барысында авторлар мен педагогтар осы оқулықтардағы мәтіндерді жан-жақты талдап, мазмұны мен тапсырмаларын бірге талқылады. Семинар соңында ұстаздар кітаптардың сапасына байланысты “Оқулық.кз” порталына кіріп, өз пікірлерін қалдыра алады.

Пархат Юсуп – “Көкжиек-Горизонт” баспасының әдіскері, Алматы қаласы:

– Біздің мақсатымыз – сол оқулық кешендерін мұғалімдермен бірге талдап, олардың пікірлерін білу. Семинар барысында біз ұстаздардың ойын білдік.

“Өрлеу” біліктілікті арттыру орталығында қазақ тілі мен әдебиеттен бөлек, ағылшын пәні мұғалімдеріне де арналған семинар жүріп жатыр. Оқыту курсын Ақтөбе қаласынан келген “Cambridge University Press” халықаралық баспасының білікті мамандары өткізуде.

Жанаргүл Оспанова – “Cambridge University Press” халықаралық баспасының өкілі, Ақтөбе қаласы:

– Бұл семинар барысында мұғалімдерге жаңа оқу бағдарламасы бойынша кітаптар ұсынылды. Олардың басым бөлігі – “Eyes open” оқулықтары. Олар Қазақстанның 29 мектебінде апробациядан өткен. Сонымен қатар, қолданыстағы кітаптардан бөлек, жаңа кітаптар ұсынылды.

Семинар соңында оқулық авторлары мұғалімдерге арнайы сертификат табыстайды.

Молдир Шаяхмет