Денсаулық сақтау

Медициналық қызмет қолжетімді

Биыл өңірдегі 51 ұйым Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен 79 келісім-шарт жасасқан. Осы бекітілген құжаттардың негізінде жергілікті мекемелерге 30 млрд теңгеден аса ақша берілмек. Мұндай қаржыны алып, тұрғындарға тегін қызмет көрсететіндердің арасында қаладағы офтальмологиялық орталық та бар.

Бәрімізге белгілі қаңтар айының басында Петропавлда заманауи офтальмологиялық орталық ашылды. Көз ауруларынан емдейтін мекеме құрыла сала әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалымен келісім-шарт жасасыпты.

Александр Рылов – «Есіл-Диагностик» ЖШС офтальмологиялық орталығының директоры:

– Бекітілген құжаттардың негізінде біздің орталыққа қордан бір жылдың көлемінде 340 млн теңге берілетін болды. Осы ақшаны пайдаланып, тұрғындарға тегін қызмет көрсетеміз. Қазір көз ауруларына шалдыққан науқастарға кез келген ота түрін жасауға мүмкіндігіміз бар. Бірақ, әзірге ересек адамдарды қабылдаймыз. Болашақта балаларды да емдеуге күш салуды жоспарлап отырмыз.

Бір күнде орталық дәрігерлері 50 адамды қабылдап, 10-нан аса тұрғынға ота жасайды. Нақтырақ айтар болсақ, мамандар заманауи құрылғылардың көмегімен науқастардың жанарларын тазартады, қарашықтарының орнына линза қояды. Мұндай емді 81 жастағы Кеңес Омаров та қабылдапты. Катаракта дертіне шалдыққан ақсақал дәрігерлердің көмегіне осымен 2 мәрте жүгініп отыр. Алғашқысында ақ қалаттылар жерлесіміздің – оң, ал кеше сол көзін қалыпқа келтіріпті.

Кеңес Омаров – қала тұрғыны:

– Екінші көзіме кеше операция істеді. Ертең үйге жібереді. Көзім 100 пайыз көреді.

Жалпы, офтальмологиялық орталық әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалымен келісімге келген жалғыз мекеме емес. Өңірде тағы мұндай 50 ұйым бар. Олардың 13 аудандарда болса, қалғаны қалада орналасқан.

Анна Пенькова – “ӘМСҚ” КЕ АҚ облыстық филиалының сарапшысы:

– Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалы 2019 жылға 51 мекемемен 79 келісім шарт жасасты. Осы бекітелген құжаттардың негізінде біздің тараптан жергілікті ұйымдарға 30 млрд теңгеден аса ақша беріледі. Осы қаржыны пайдаланып, дәрігерлер тұрғындарға тегін қызмет көрсетпек.

Бірақ, 30 млрд-тан астам қаржы әлі нақты емес. Жылдың соңында дейін қордан бөлінетін сома көлемі өсуі мүмкін.

Байболат Бектемірұлы