Мәдениет

Мәдениет саласы қызметкерлерінің алқа отырысы өтті

Аудандардағы мәдениет үйлерін жөндеу, шығармашылық ұжымдардың дайындалуына тиісті жағдай жасау және кадр тапшылығы. Бүгін облыс орталығында мәдениет саласы қызметкерлерінің алқа отырысы өтті. Жиында саланың дамуы жан-жақты қаралып, өзекті мәселелері талқыланды.

Бүгіндері теріскейде 600-ге жуық мәдениет нысаны жұмыс істейді. Оларда 2 мың 650 адам еңбек етеді екен. Өткен жылы салаға – 3,5, ал биыл 6,2 млрд теңге қаржы бөлініпті. Оның 2,9 млрд теңгесі Петропавлдың Жас өркен ауданындағы қазақ театрының құрылысына бағытталған.

Ермек Рахимов – СҚО мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасының басшысы:

– Биыл Есіл, Мамлют және Тайынша аудандарының мәдениет үйлерінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Ал облыс орталығындағы театрларымыздың репертуары 22 қойылыммен жаңартылмақ. Тағы өңірде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған шағын сахна ұйымдастыру жоспарда бар.

Өткен жылы өңіріміздің шығармашылық ұжымдары 21 мыңға жуық іс-шара өткізіпті. Ал архив қызметкерлері 15 мыңнан астам құжатты қалыпқа келтірген. Аймақта 320 кітапхана бар екен. Солардың 123-і ғана компьютермен жабдықталған. Ал 52 пайызына интернет қосылмапты. Мұнымен саладағы проблемалар біткен жоқ.

Жанболат Мұқанов – облыстық халық шығармашылығы және мәдени-бос уақыт өткізу орталығының директоры:

– Біздің орталықта халықтық деген атағы бар 3 ансамбль жұмыс істейді. Олар өңірде өткізілетін барлық іс-шараларға белсене қатысады. Бір өкініштісі, орталығымыздың өз ғимараты жоқ. Сондықтан, ұжымдар жалға алынған сахналарда дайындалып жүр. Соңғы кездері қаржы да аз бағытталатын болды. Бұл ұжымдардың түрлі байқауларға баруын шектеп отыр.

Тағы аудандарда кадр жетіспеушілігі байқалады. Саладағы олқылықтарды жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет де айтып өтті. Және оларды түзету қажеттігін ескертті.

Мадияр Қожахмет – СҚО әкімінің орынбасары:

– Өткен жылы облыс әкімінің тапсырмасы бойынша өңірдегі мұражайларға тегін кіру мүмкіндігі туды. Сол себепті, бұл іс аудандар мен мектептерде де жалғасуы тиіс. Оқу ошақтарындағы музейлік экспонаттарды бөлмелерден кеңірек жерге шығару керек. Сонда ғана балалардың тарихқа деген қызығушылығы туады. Тағы әр аудан орталығында өлкетану музейін ашу қажет.

Тағы Мадияр Қожахмет өзіміздің сахна жұлдыздарын тәрбиелеп өсіретін кез келді деді. Өңіріміздің өнерлі жастарын байқауларға қатысуға ынталандырып, көмек көрсету қажеттігі айтылды.

Мағжан Ахмадина