Құқық қорғау органдары

Өңірде браконьерлік фактілер тыйылар емес

Солтүстік Қазақстанда браконьерлік фактілер тыйылар емес. Өткен жылы тәртіп сақшылары мен тиісті инспекция мамандары заңсыз аң мен балық аулау және рұқсатсыз ағаш кесудің мыңнан астам фактісін әшкерелеген. Ал ел бойынша  шаруашылықтарда қызмет ететін инспекторларды соққының астына алу, тіпті өлтіру жағдайлары да тіркеліп отыр.

Саят Ермек – тілші:

– Осыдан шамамен екі апта бұрын, қаңтардың 13-і Қарағанды облысында қайғылы жағдай орын алды. Рейдке шыққан жергілікті “Охотзоопром” кәсіпорнының екі инспекторы заңсыз атылған ақбөкендердің терісін табады. Қорықшылар қылмыскерлердің ізіне түсіп, екі көлікті тоқтатқан. Тексеру кезінде үш браконьер оларды соққыға жығып, іздерін суытады. Ал алған жарақаттарының ауырлығынан 52 жастағы қорықшы Ерлан Нұрғалиев өмірімен қоштасты.

Бүгінде бұл іс бойынша үш күдікті құрықталды, қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Ал Солтүстік Қазақстан облысында осыған ұқсас қылмыс сонау 81-ші жылы Мамлют ауданында жасалған. Онда заңсыз аңшылық құрған адамның қолынан орманшы Анатолий Гусельников қаза тауыпты. Содан бері өңірде мұндай қанды оқиға болмаған. Десе де, браконьерлік фактілер тыйылар емес. Соңғысы осы айда тіркеліп отыр.

Сергей Липко – СҚО ПД ЖПҚБ табиғатты қорғау полициясының бастығы:

– Қызылжар ауданында бір азамат елікті қар кешкіш техникамен қуып жүріп атып өлтірген. Бұл қылмыс мемлекеттік қорық аумағында жасалды. Енді аңшы 160 АЕК, яғни 404 мың теңге көлемінде айыппұл төлейді.

Абырой болғанда, бұл браконьер қарсылық көрсетпеген. Алайда, орманның сақтығын қадағалайтын қырағы қорықшылар мен инспекторлардың жұмысы аса қауіпті. Сондықтан, олар полицейлермен қоян-қолтық жұмыс жасайды. Яғни, бірлесе рейд шараларын жүргізеді. Осылайша, 2018 жылы тәртіп сақшылары орман шаруашылығы және жануарлар әлемінің аумақтық инспекциясымен бірігіп заңсыз аңшылықтың – 644, ал балық аулаудың 268 фактісін анықтаған. Бұл экологиялық қылмыстар бойынша 100-ге тарта іс қозғалыпты.

Сергей Липко – СҚО ПД ЖПҚБ табиғатты қорғау полициясының бастығы:

– Сергеев су қоймасының балықтар уылдырық шашатын аумағында екі Петропавл тұрғынын құрықтадық. Олар браконьерлік жолмен су жануарларының 173 келісін аулаған. Осылайша мемлекетке шамамен 402 мың теңге көлемінде шығын келтірді. Шал ақын аудандық сотының үкімімен бұл азаматтардың бас бостандығы 2 жылға шектелді.

Маңызды жайт, браконьерлер тек фауна ғана емес, флораға да зиян келтіреді. Былтыр теріскей ормандарында ағаштарға заңсыз балта тигізудің 71 фактісі әшкереленген. Мұндай қылмысқа қысқы отын қамын ойлаған және жаңа жылды табиғи шыршамен қарсы алғысы келетін азаматтар барады.

Владимир Пеганов – “Қызылжар” орман шаруашылығының директоры, Қызылжар ауданы:

– Өткен жылы біз 33 әкімшілік хаттама рәсімдедік. Басым бөлігі заңсыз ағаш кесуге қатысты. Мысалы, адамдар ағаштарды / отын дайындауға бөлінген аумақта емес, одан тыс жерлерде кеседі. Жаңа жылдың алдында 13 шыршаға балта тигізген қылмыскерді құрықтадық. Тағы бір азамат 2 қайыңды шауып жатқан жерінде ұсталды.

Заңсыз аң мен балық аулау, рұқсатсыз ағаш кесу сынды фактілердің санын азайту үшін не істеу керек? Өңірдің бас полицейі Берік Біләлов алдағы уақытта рейд шараларында тетікпен басқарылатын әуе дрондарын пайдалану қажет дейді. Бұл тексеріс барысын жеңілдете әрі тездете түспек, тағы нәтижелілікті де арттырады. Бұдан бөлек өңір аумағындағы шаруашылықтарда “Үздік қорықшы”, “Үздік орманшы” сынды байқауларды ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл табиғат қорғаушы мамандарды өз жұмысын абыроймен атқаруға ынталандырмақ.

Саят Ермек