Құқық қорғау органдары

Қаңғыбастарды қабылдап-тарату орны және түнеу пунктісі жұмыс істеуде

Облыс орталығында тұрақты мекені жоқ жандарды қабылдап-тарату орны жұмыс істеуде. Күн сайын бұл жерге тәртіп сақшылары 15-20 адамнан жеткізеді екен. Аяздар келісімен мұнда түсетін қаңғыбастардың саны тіптен артқан.

Жылу құбырлары, көлікжай кооперативтері мен ашық құдықтар. Суық түсе салысымен бұл жерлер қаңғыбастардың тұрақты мекеніне айналады. Алайда, аязды күндер келгенде мұның арты қайғылы аяқталуы мүмкін. Сондықтан, тәртіп сақшылары қысқы уақытта панасыздарды өз қарауларына алып жүр.

– Тепло, кормят. Каждый день здесь, вечером привозят сюда. Вечером кормят.

 – На улице холодно?

 – Да.

Жұмысшы кентінде орналасқан қабылдап-тарату орнында 50 адам түней алады. Оған қоса, мұнда еріктілердің ұйымдастыруымен ыстық тамақ та қарастырылған. Күн сайын тәртіп сақшылары қаңғыбастарды іздестіруге бағытталған рейд шараларын өткізеді. Кейін панасыз адамдардың деректері ішкі істер органдарының базасынан іздестіріліп, құқықбұзушылықтарға қатысы бар-жоғы тексеріледі. Осылайша, былтыр қабылдап-тарату орнының қызметкерлерімен 69 қылмыстың беті ашылған.

Павел Ющенко – қалалық ПБ ЖПҚ бөлімі тұрғылықты мекенжайы жоқ тұлғаларға арналған қабылдап-тарату орны бастығының орынбасары:

– Жылдың басынан қабылдап-тарату орнына 188 адам жеткізілді. Олардың 22-сі біздің мекемеге орналастырылды. Сондай-ақ, қысқы уақытта қабылдап-тарату орнының қызметкерлері Жұмысшы кентіндегі түнеу пунктіне күн сайын 15-20 адамнан жеткізеді. Жылдың басынан түнеу орнында 973 адам болып қайтты.

Тұрғылықты мекенжайы жоқ тұлғалардың шоғырланған орындары туралы ақпарат болған жағдайда қала тұрғындары 52-92-99 нөмірі арқылы полицияға хабарласа алады.

Эльмира Садвокасова