Балалар

СҚО балабақшаларында “Әр бала – бір жұлдыз” жобасы жүзеге асуда

“Әр бала – бір жұлдыз”. Осындай атаумен Солтүстік Қазақстан облысындағы балабақшаларда ауқымды білім беру жобасы жүзеге асырылуда. Оның аясында өткен жылдан бері 43 теріскейлік бөбекжай өз тәжірибесінде заманауи білім беру әдістерін пайдаланып келеді. Бұл балғындардың кішкентайынан жан-жақты дамуына септеспек.

Бұл – Бескөлдегі “Мирас” балабақшасы. Күнделікті мұнда 280-ге жуық бүлдіршін мектепке дейінгі білім мен тәрбие алады. Ал аптасына бір рет 3-пен 6 жас аралығындағы 40 шақты балақай бөбекжайдағы “Робототехника” үйірмесіне қатысады.

Камель Сақтағанова, “Мирас” бөбекжай-бақшасындағы “Құрастыру және робототехника” үйірмесінің жетекшісі, Қызылжар ауданы:

– Бірінші кезекте балалар қарапайым нәрселерді құрастыруға машықтанады, ал жастары өскен сайын тапсырмалар қиындай түседі. Тағы олар бағдарламалау мен алгоритмика, тіпті электромеханиканың бастапқы базасын меңгереді. Бұл үйірме баланың есін, қиялын, аналитикалық және сыни тұрғыда ойлау қабілеті мен логикасын қалыптастырады.

Бұл үйірме балабақшада “Әр бала-бір жұлдыз” атты облыстық жоба аясында жұмыс істеуде. Оның маңызы неде дейсіз ғой?! Мәселен, бір балабақша өз тәрбиеленушілеріне робототехниканы үйретеді, екіншісі көптілділікке ден қойса, үшіншісі аутист немесе даун синдромы бар балаларға инклюзивті білім беру бағытында тереңірек жұмыс істейді. Бескөлдегі “Мирас”-тан бөлек “Әр бала – бір жұлдыз” жобасы күллі Солтүстік Қазақстан бойынша тағы 42 мектепке дейінгі білім беру мекемесін қамтыған.

Қарлығаш Құдабаева – Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА орта білім беруді әдістемелік қамтамасыз ету орталығының директоры, Астана қаласы:

– Біз бүгін бірнеше балабақшаға бас сұқтық. Бірі “CLIL” бағдарламасы бойынша бүлдіршіндерге ағылшын тілін тереңдетіп үйретеді. Енді бірінде “Дені сау балабақша” атты жоба жүзеге асырылады. Сондай-ақ, балаларды отансүйгіштікке тәрбиелейді. Осындай бөбекжайларда тәрбиеленген бүлдіршіндер мектепке тез бейімделеді, ақпаратты тез ұғынады.

“Әр бала-бір жұлдыз” жобасы бойынша жұмыс істейтін теріскейлік балабақшалар енді ата-аналармен, бастауыш сынып мұғалімдерімен және педагогикалық мамандықтар бойынша білім алып жатқан студенттермен тығыз жұмыс жасамақ. Осылайша, тәрбиешілер жоба аясында жинаған тәжірибелерімен бөліспек ниетте.

Саят Ермек