Қоғам

Өрт сөндіру қызметінің маманы каскаларды коллекциялаумен айналысады

Каскалар коллекциясы. Өрт сөндіру қызметінің маманы Булатжан Асқаров 8 жылдың көлемінде құтқарушылар шлемін жинаумен әуестенеді. Бүгінде жерлесіміздің топтамасында каскалардың 30-ға жуық түрі бар екен. Арасында үнділік мамандардың шерулік арнайы бас киімі де кездеседі.

Булатжан Асқарбеков құтқарушы қызметіне осыдан 19 жыл бұрын келген. Қатардағы өрт сөндірушіден бастаған ол бүгінде төтенше жағдайларды жою бөліміне жетекшілік етеді. Қызмет барысында азамат түрлі жағдайлардың орын алғанын айтып өтті.

Булатжан Асқарбеков – СҚО ТЖД төтенше жағдайларды жою бөлімінің бастығы:

– 2010 жылы жаз мезгілінде болған оқиға әлі күнге дейін есімде. 3-қалалық аурухана жанындағы тұрғын үй өртке оранып, ішінде анасы мен екі баласы қалып қойған. Ойланбастан, қасымдағы серіктесіммен оларды құтқаруға жөнелдік. Бойымды қорқыныш сезімі билесе де, сол адамдардың өмірі біздің қолымызда екенін жақсы түсіндім. Ақыры аман алып шықтық. Осы ерлігіміз үшін бізге медаль табысталды.

Подполковник Асқарбеков осыдан 8 жыл бұрын қазақстандық және шетел өрт сөндірушілерінің каскаларын жинай бастаған. Арасында Германия, Белоруссия, АҚШ, Ұлыбритания, Ресей және Чехославакия сияқты елдерден әкелінген шлемдер бар. Азамат коллекциялау ісін мына бір каскадан бастапты. Оны өрт сөндірушілер 2-ші Дүниежүзілік соғыс кезінде киген екен. Ескі касканы ол тазалап, бояп, су жаңа қалпына келтіріпті. Жалпы, Булатжан Асқарбековке құтқарушы жинағының бір тобын шетелдегі достары сыйласа, енді бірін интернет арқылы сатып алған екен. Мәселен, үнділік мамандардың шерулік арнайы бас киімі 4 жыл бұрын 120 доллар тұрыпты. Мұнда жәдігерлердің 25-тен астам түрі бар. Олардың кейбірі жылтыраған мыстан құйылса, енді бірі төзімді пластикпен қапталған. Әсіресе, мына бір каска Булатжан Асқарбеков үшін ерекше ыстық.

Булатжан Асқарбеков – СҚО ТЖД төтенше жағдайларды жою бөлімінің бастығы:

– Бұл – менің жауынгерлік каскам. Ол қызмет ете бастаған кезімде берілді. Үш жарым жыл бойы кидім. Өрт сөндіру кезінде әр түрлі жағдайлар орын алып жатады. Мәселен, бөренелер құлап, газ баллоны жарылып кетуі мүмкін. Сондай сәттерде басымдағы басты қорғаным осы болды.

Жалпы, Булатжан Асқарбеков каскалардан басқа формаға тағылатын шеврондарды, өрт сөндіру қызметіне байланысты түрлі сувенирлер мен медальдарды жинайды екен. Оның ермегін жақсы білетін жақындары мен достары барған жерлерінен түрлі құтқарушы бұйымдарын алып келуді дәстүрге айналдырыпты.

Молдир Шаяхмет