МТРА жаңалықтары

Петропавлда саясаткер-әйелдер клубының кеңейтілген отырысы өтті

Петропавлда саясаткер-әйелдер клубының кеңейтілген жиыны өтті. Оған түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген 40-тан астам нәзікжанды қатысты.

Жиын саясаткер-әйелдер клубының төрайымын тағайындаудан басталды. Енді клубқа М.Қозыбаев атындағы СҚМУ Тарих, экономика және құқық факультетінің деканы Зәуре Қартова жетекшілік ететін болады. Бұл ұйым осыдан 8 жыл бұрын құрылған. Қазіргі таңда оған қала бойынша 30-ға жуық нәзікжанды мүшелік етеді. Шара барысында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет жергілікті атқарушы билік әйелдердің барлық бастамаларына қолдау көрсететінін айтып, олардың қоғамдағы рөліне тоқталып өтті.

Мадияр Қожахмет – СҚО әкімінің орынбасары:

– Гендерлік саясатқа сәйкес 2020 жылға дейін өңір бойынша билікте жүрген азаматшалардың үлесі 22 пайызға дейін жетуі қажет. Ал бүгінде мемлекеттік қызметтегі әйелдер қауымының үлесі – 63, сот жүйесінде – 67, ал құқық қорғау органдарында 15 пайызды құрайды. Нәзікжандылар депутаттық қызметте де белсенді. Олардың үлесі облыс бойынша – 29 пайызға, яғни 62 адамға жетіп отыр.

Жиынға Петропавл қаласымен қатар М.Жұмабаев, Қызылжар, Есіл және Мамлют аудандарынан келген 40-тан астам нәзікжанды қатысуда. Оларға сайлауға түсу, ауыл, ауданға жетекшілік ету үшін қандай білім мен біліктілік қажет екендігі жайлы түсіндірілді. Шаһардағы 4-ші орта мектептің директоры Ғафура Бөстекова 2016 жылы облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланған. Содан бері өз ісін абыроймен атқарып, өңірдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді ат салысып келеді.

Ғафура Бөстекова – облыстық мәслихаттың депутаты:

– Бүгінгі қойып отырған сұрақтарымыз бен шешілетін мәселелер өте маңызды деп ойлаймын. Өйткені, бүгінгі күні әйелдер қауымы еліміздің саясат саласындағы проценттік үлесі аз. Сондықтан, бүгінгі алдымыздағы мақсатымыз – әйелдер санын арттыру.

Жиын соңында әйелдер қауымы Ленинградтың азат етілуінің 75 жылдығына орай Санкт-Петербор қаласынан арнайы әкелінген көрмені тамашалады.

Молдир Шаяхмет