МТРА жаңалықтары

«Нұр Отан» партиясының кезекті съезіне қатысатын делегаттар іріктелуде

Ақпанның 27-сі күні Астана қаласында Президенттің қатысуымен «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезі өтеді. Қазіргі таңда еліміздің әр аймағында осы алқалы жиынға баратын делегаттар іріктеліп жатыр. Мұндай шараның бірі қаламыздағы “Радуга” серіктестігінде де ұйымдастырылды.

Делегаттар іріктелмес бұрын шара қатысушылары Елбасының өткен жылы жариялаған Жолдауын талқылады. Нақтырақ айтар болсақ, жиналғандар маңызды құжатта көрсетілген өндірісті жаңғырту бағытына ерекше тоқталды. Бұл сала бойынша “Радуга” серіктестігі ауқымды жұмыс атқарып жатыр. Нәтижесінде былтыр кәсіпорын шығаратын тауар аталымы 250-ден 300-ге жеткен.

Максим Большедворов — «Радуга» ЖШС бастауыш партия ұйымының төрағасы:

– Біз қайта өндеумен және өндіріспен айналысамыз. Былтыр кәсіпорынға жаңа технологияларды енгіздік. Соның арқасында пластмассадан, темір мен полипропиленнен әзірленетін бұйымдардың және азық-түлік өнімдерінің санын 50-ге көбейттік. Бастысы, бұл тауарларлың барлығы Елбасымыз өз Жолдауында айтып кеткендей “Қазақстанда жасалған” брендімен шығарылады. Алдағы уақытта Президенттің тапсырмасын орындау бағытында тиісті жұмыс атқарып, көрсеткішті одан әрі арттыратын боламыз.

Кейін, әңгіме ауаны «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезіне ауысты. Бұл алқалы жиын 27 ақпан күні Астана қаласында өтпек. Қазіргі таңда еліміздің әр аймағында осы шараға қатысатын делегаттар анықталып жатыр екен. Алдымен таңдау бастауыш ұйымдарда жасалады. Олардан іріктеліп өткендер қалалық, кейін облыстық конференцияға қатысып, Астанаға барады.

Кеңес Мұқышев – «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

– Астанада өтетін съезд қатысушылары партиялық жобаны талқылайтын болады. Яғни, делегаттар 10 бағыттан тұратын “2030” бағдарламасын сөз етпек.

Шара соңында “Радуга” серіктестігінен қалалық конференцияға 3 адам баратын болып шешілді. Айта кетейік, қазір «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалында 52 бастауыш ұйым бар. Оларға мүшелік ететін жерлестеріміздің саны 5 жарым мыңнан асады.

Култанов Байболат