Аптадағы маңызды жаңалықтар

Индустриялық-инновациялық даму, кәсіпкерлік және туризм басқармаларының кеңейтілген алқа отырысы өтті

Индустрияландыру картасына қатысуда аудандар аса белсенді емес. ҚР индустриалды-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының 2-ші бесжылдығына Ғ.Мүсірепов ауданында бірде-бір жоба жүзеге асырылмаса, Есіл, Шал ақын, Уәлиханов және Тимирязев аудандары бір ғана жобаны қолға алыпты.

Өткен жылғы өңір кәсіпорындарының қол жеткізген көрсеткіштері жаман емес. Бірақ, өсім барлық салаларда бірдей байқалмайды. Айталық химия, дайын металл өндіру ісі мен машина жасауда өндіріс көлемі төмендеген. Соңғы аталған көрсеткіштің ірі компаниялар, яғни «ПЗТМ», «Мұнаймаш» және «Зиксто» зауыттарына қатысы бар. Аудандар бойынша ең жоғарғы нәтижеге тайыншалықтар қол жеткізсе, көш соңында Мамлют ауданы мен Петропавл қаласы көрінген. Ал Ғ.Мүсірепов ауданында 2015 жылы бастау алған индустрияландыру картасының 2-ші бесжылдығына бірде-бір жоба енгізілмепті. Ал Есіл, Шал ақын, Уәлиханов және Тимирязев аудандары бір ғана жобаны іске асырған.

Арман Оразғұлов – СҚО индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы:

– Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының екінші 5 жылдығында өңірде 94 млрд теңгенің 44 жобасы іске асырылады деп жоспарланған. Сөйтіп, қосымша 2,5 мың жұмыс орны құрылмақ. 4 жыл ішінде 28 жоба жүзеге асырылып, 800-ден астам адам екі қолға бір күрекпен қамтылды. Құйылған инвестиция көлемі 17 млрд теңгеден асады. Ал биыл 14,7 млрд теңгенің 7 жобасын іске асыру көзделуде. Ол 500 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Осы ретте айта кеткен жөн, барлық бірдей аудандар шетелдің қалталы азаматтарын тартуда белсенділік танытып отырған жоқ. Мұны «Қазақ инвест» ҰК өкілдері де айтуда. Мемлекет қолдауы мығым болса да өңірдегі 13 ауданның 5-уінде инвестициялық жобалар жоқ. Олар: Ақжар, Есіл Тимирязев, Жамбыл және М.Жұмабаев аудандары. Ал жалпы теріскей өңірі еліміз бойынша бизнесті жүргізудің жеңілдігі рейтингінде 5-ші орынға табан тіреген. Алдағы уақытта бұл позицияны жақсарту міндеті тұр. Бүгіндері аймағымызда 29 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істеуде. Олар өткен жылы 376 млрд теңгенің өнімін өндірген. 2018 жылы өңірге келген туристер саны 105 мыңды құрған. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 13,6 пайызға жоғары. Жалпы, алдағы уақытта бұл саланы дамытуға көп көңіл бөлінбек.

Құралай Жарова – СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы:

– Мемлекеттік бағдарламаның аясында республикалық маңыздағы 10 үздік жобаның қатарына Шалқар-Имантау курорттық аймағы да еніп отыр. Сөйтіп, туристік нысанды дамыту үшін арнайы жоспар құрылған. Ол 10 бағыт бойынша жүзеге асырылатын болады. Курорттық аймақты дамытуға 32,4 млрд теңге қаржы бөлінбек. Оның 26 млрд теңгеге жуығы – республикалық, 1,5 млрд теңгесі жергілікті бюджет есебінен, ал қалған 5 млрд теңгесі жеке инвестиция болмақ.

Сөйтіп, алдағы уақытта Шалқар-Имантау курорттық аймғы адам танымастай өзгермек. Инфрақұрылымы жаңартылып, маңайы абаттандырылады. Жаңа қонақ үйлер мен демалыс базаларын салу көзделіп отыр.

Дәурен Жандарбек – СҚО әкімінің орынбасары:

– Мемлекет тарапынан Шалқар-Имантау курорттық аймағын дамытуға зор қолдау көрсетілуде. Қазір ол жерде жұмыс істеуге тіпті түрік бизнесмендері қызығушылық танытуда. Өңірде тағы санаторийлерді де дамыту қажет. Облыс орталығынан алыс емес жерде Меңкесер көлі бар. Оның емдік қасиеті бар екені белгілі. Қараусыз қалса да қалыпқа келтіруге болады. Бүгіндері біздер осы жұмысты жүзеге асыратын инвесторларды іздестіріп жатырмыз.

Жиынды қорытындылаған аймақ басшысының орынбасары Дәурен Жандарбек тиісті басқармаларға біраз тапсырма жүктеп, көрсеткіштерді жақсарту міндетін қойды. Әсіресе, бағаны тұрақтандыру бойынша жұмыстар басты назарда болу керектігін ескертті. Және аудандық әкімдіктерге жол бойындағы қызмет көрсету орындарын қалыпқа келтіруді жүктеді.

 

 

Магжан Ахмадина