Денсаулық сақтау

Берекеде жанұялық денсаулық орталығы ашылады

Бүгінгі күні Береке ықшам ауданында 30 мың адам тұрып жатыр. Олардың барлығы жалпы аумағы 150 шаршы метрді құрайтын отбасылық емханаға барып қаралады. Яғни, қараша халық аядай ғана нысанда ем алып жүр. Дегенмен, бұл өзекті мәселе көп ұзамай шешіліп, жаңа жанұялық нысан қолданысқа берілмек.

Қазіргі таңда қаламызда 4 емхана бар. Олардың әрқайсысына шамамен 80 мың адамнан бекітілген. Есесіне ақ халаттыларға түсетін жүктеме ауыр. Осы мәселені шешу үшін өткен жылдан бастап шаһарда отбасылық емдеу орталықтар ашыла бастады. Бүгінде 3-ші және 2-ші емханаға қарасты мұндай 2 нысан жұмыс істеп тұр. “Береке” ықшам ауданындағы теріскейліктердің бір бөлігі біраз уақыт соңғы аталған мекемеге жүгінген. Бірақ, тұрғындар ол жерде ем алу қолайсыз екендігін айтып шағымданған көрінеді. Нәтижесінде 30 мың адам дәрігерге өздері тұратын аумақта қаралатын болды.

Тимур Сұлтанғазиев – СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Қазіргі уақытта “Береке” ықшам ауданында 1 отбасылық дәрігерлік емхана орналасқан. Бірақ, оның көлемі 150 шаршы метрді құрайды. Осы мәселені шешу үшін аталған ауданда тағы бір отбасылық емхана құрастыратын боламыз.

Журналистермен кездесу барысында Тимур Сұлтанғазиев қаладағы емдеу мекемелерін біріктіру жайлы айтты. Бас дәрігердің сөзінде былтыр тері-венерологиялық диспансер облыстық ауруханамен қосылған. Осыған іспетті іс биыл да жалғаспақ. Жоспарда онкологиялық, кардиологиялық және перинаталдық орталықтарды ұжымдастыру бар.

Тимур Сұлтанғазиев – СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Бұл жағдайда қолда бар ресурстарды тиімді пайдаланатын боламыз. Дәрігерлерді, техникалық база тиімді жұмыс істейді.

Тағы, басқарма басшысы қызылша дерті жайлы да айтып кетті. Оның сөзінше өңірде 7 баланың аталған ауруға шылдыққаны анықталған. Науқастардың барлығының түрлі себептермен 1 және 6 жастарында екпе алмағандықтары белгілі болып отыр.

Култанов Байболат