Балалар

Жастар жылы өңірімізде ауқымды іс-шаралар өтпек

Өткен аптада Жастар жылының салтанатты ашылу рәсіміне қатысып қайтқан солтүстікқазақстандық делегаттар өз әсерлерімен бөлісуде.

Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Ирина Тухватулинаның сөзінше, Президент кезекті рет өскелең ұрпақтың нақты мәселелерін шешуге бағытталған шаралар жайлы айтқан. Мемлекет басшысы жас азаматтарды баспана және екі қолға бір күрекпен қамту жайын көтеріпті. Алғашқысы ірі қалаларда ғана жүзеге асырылатын болса, жастарға жұмыс беру мәселесі күллі еліміз үшін ортақ болып отыр. Бүгіндері өңірде 2,5 мыңнан астам жас жұмыссыз жүрген көрінеді. Оларды еңбекке тарту үшін Нұрсұлтан Назарбаев өз кәсібін ашып, бизнеске бет бұрғандарды қолдау керектігін тілге тиек етіпті. Бұдан бөлек, өскелең ұрпақ арасында отбасы құндылықтарын дамыту керектігі жайлы сөз болған. Осы ретте теріскейде жас отбасылар клубы құрылмақшы. Ол тегін түрде жұмыс істейтін болады. Жалпы, Елбасының қатысуымен өткен жиыннан қанаттаныып қайтқан жергілікті жастар үстіміздегі жылы бірқатар шараларды қолға алмақшы.

Ирина Тухватулина – СҚО жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы:

– Біздер биыл «Айвент» инновациялық жобалардың республикалық форумын өткізуді жоспарлап отырмыз. Өйткені, бүгіндері IT-технологиялар саласына көп көңіл бөлінуде. 2019 жылы өткізілетін ірі шаралардың тағы бірі «Жастар керуені» деп аталады. Бұдан бөлек, «Әскерде бір күн», жұмысшы мамандықтардың байқауы және жас мамандарға арналған лагерь ұйымдастырмақпыз. Тағы киберспорт бойынша өңірлік турнир өткізу жоспарда бар.

Магжан Ахмадина