Білім

Цифрландыру – заман талабы

“Жаңа буын мектебі: келешегі мен мүмкіндіктері”! Бүгін осындай атаумен Петропавлда ұстаздар қауымының кеңейтілген алқа отырысы өтті. Ауқымды шараның аясында секциялық жиындар ұйымдастырылды. Астана, Алматы қалаларынан келген қонақтар, жергілікті 500-ден астам педагогқа білім беру саласындағы жаңашылдықтарды әңгімеледі. Жиынның екінші бөлігінде пленарлық отырыс өткізілді. Мұнда саладағы өзекті мәселелер көтеріліп, шешу жолдары талқыланды.

Алқа отырысының бірінші бөлігі экскурсиядан басталды. Нақтырақ айтатын болсақ, “Назарбаев Зияткерлік мектептері” Дербес білім беру ұйымы басқармасының төрайымы Күләш Шамшидинова бастаған топ Оқушылар сарайымен танысты. Мәселен, мынау – химия кабинеті. Шағын сыныпта жергілікті ұл-қыздар күлден астықтың шығымдылығын арттыратын минералды тыңайтқыш жасапты. Және оны танапқа тарататын қондырғының үлгісін де әзірлеген екен.

Меймандар биология кабинетін де назардан тыс қалдырмады. Бұл жерде жастар келушілерге ауыз суды тазалау әдістерін түсіндіріп, өздерінің мүмкіншіліктерін айтты.

Экскурсиядан соң жиналған қауым секциялық отырыстарға тарасты. Соның бірі “Жаңа буын мектебі: келешегі мен мүмкіндіктері” атты тақырыппен мына акт залында өтіп жатыр. Мұнда Астанадан, Алматыдан келген қонақтар жергілікті ұстаздар қауымына саладағы жаңашылдықтарды әңгімелеуде. Мысалы, оңтүстік астанадағы “EDTECH” Халықаралық білім беру орталығының бас директоры Ғани Бейсенбаев педогтарға диагностикалық электронды жүйені түсіндірмек. Тың тәсіл арқылы баланың оқу деңгейін, қандай пән ауыр соғатындығын жылдам анықтауға болады екен.

Ғани Бейсенбаев – “EDTECH” Халықаралық білім беру орталығының бас директоры, Алматы қаласы:

– Баланың математикадан білімін тексеру үшін көп уақыт керек. Өйткені, баланың тек қана есеп шығару процесі ғана емес, шығарылған есептердің дұрыс-бұрыстығын аналоговый жүйе бойынша тексеретін болсаңыз ұзақ уақыт жұмсалады. Ал, электронды жүйе арқылы тексерсек әр балаға жеке көзқарас жасауға және дәл, жылдам білімім деңгейін анықтауға мүмкіндік береді.

Соңымен қатар, жиында саладағы өзекті мәселерді шешу жолдары да айтылды. Мәселен, өңірлерде цифрландыру саясатын жүргізу үшін заманауи нысандар салу, іске өзгерістерді енгізу бағытында ата-аналармен түсіністік орнату жайы қаузалды. Тағы, жұмыста білікті мамандарды тарту қажеттігі де көтерілді.

Нұрмұхаммед Досыбаев – Astana Garden School мектебінің құрылтайшысы, Астана қаласы:

 – Халықаралық дәрежеде жұмыс істейтін педагогтардың санын көбейту керек. Ол үшін Болашақ бағдарламасы бойынша оқыған, Назарбаев университетін бітірген адамдарды көптеп білім саласына тарту керек. Сонда білім беру деңгейі артады.

Бұдан бөлек, шара аясында тағы 4 секциялық отырыс өтті. Онда отандық білім беру жүйесін жаңғыртудағы өзекті сұрақтар, техникалық және кәсіптік оқуды модернизациялау сынды тақырыптар талқыланды. Кеңейтілген алқа отырысының екінші кезеңі пленарлық жиынға ұласты. Мұнда мамандар білім беру сапасын арттыру жайында сөз қозғады. Бұл ретте балабақшалардағы тәрбие беру жұмысы жаңғыртуды талап етеді. Себебі, бүлдіршін мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап жаңартылған білім беру жүйесіне дайын болуы тиіс. Сондықтан, балалардың 1-ші сыныпқа дейінгі дайындығына көп көңіл бөлінетін болады. Әсіресе, ұл-қыздардың сандық технологияларды меңгеріп, жан-жақты даму мүмкіндігіне назар аударылмақ.

Мадияр Қожахмет – СҚО әкімінің орынбасары:

– Бүгінгі таңда балалардың сапалы білім алып, білікті маман атануы бірінші кезекке қойылуда. Бұл ретте облысымызда жақын арада жеке меншік мектептерді ашуды жоспарлап отырмыз. Тәжірибе көрсеткендей, мұндай білім ошақтары оқушылардың тек бағдарлама бойынша ғана емес, халықаралық талапқа сай білім алуына мүмкіндік береді. Ата-аналар қауымынан да сұраныс бар. Осы жұмысты алға қоймақ ниеттеміз.

Айта кету қажет, қазір жеке меншік мектептерді қаржыландыру жүйесіне өзгеріс енгізілген. Бүгінде оларға бөлінетін қаражат оқушы санына байланысты есептелінеді. Бұл өз кезегінде балаларға жасалатын жағдайды арттыруға жол ашады. Мұндай жаңашылдық келесі жылдан бастап барлық орта мектептерге де енгізілмек.

 

Култанов Байболат