Қоғам

Шартты түрде сотталғандар – пробация қызметінің қадағалауында

Шартты түрде сотталғандар – пробация қызметінің қадағалауында. Аптасына бір рет инспекторлар 652 петропавлдықтың баспанасына барып, сот үкімінің орындалуын қадағалайды.

Сағат жетіде үйде отыру керек, дәмхана мен түнгі клубтарға аяқ басуға болмайды және ішімдіктің бір тамшысын да ауызға алуға тыйым салынған. Алексей Дильдаевтың үйіне аптасына бір рет учаскелік инспектор бас сұғып, осы талаптардың орындалуын тексереді. Неге дейсіз ғой? Ер азамат ұрлық жасағаны үшін 3 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылған.

Алексей Дильдаев:

 – Жазамның 1 жыл 8 айын өткердім. Қазір өзіме бекітілген учаскелік инспекторға барып, белгіленіп тұрамын. Пробация қызметі маған жұмыс та тауып берді. Қазір қала бойынша ескі үйлерді сүруге көмектесемін. Бекітілген режимді бұзбаймын.

Ал мына қала тұрғыны адам ұрлағаны үшін айыпты деп танылған. Нәтижесінде абақтыға 7 жылға тоғытылыпты. Жақсы тәртібі үшін 5 жарым жылдан соң сот жазаны шарттыға алмастырған. Қазір жас жігіт – тәртіп сақшыларының жіті қадағалауында. Заңды аттағаны жазасын үйде өтеп отырған мұндай петропавлдықтардың саны бүгінде 650-ден сәл асады. Соттың олардың әрқайсысына шығарған үкімі әр түрлі. Бекітілген шарттардың бұзылмауын шаһар бойынша пробация қызметінің 13 инспекторы бақылайды.

Мадимар Дүйсенов, қалалық пробация қызметі бастығының орынбасары:

– Рейд шаралары жүйелі түрде жүргізіледі. Күндізгі уақытта шартты сотталғандардың жұмыс орындарына, ал түнде тұрғылықты жерлеріне барып, тексереміз. Егер сотпен жүктелген міндеттердің бұзылғандығын анықтасақ, хаттама толтырып, ескерту жазып, сотқа жібереміз. Ал онда жазаны ауыстыру бойынша шешім қабылданады.

Егер ережелер бұзылған болса, айыпты бірден түзету мекемесіне аттанады және мұндай жағдайлар жиі орын алады дейді пробация қызметінің мамандары. Жазасын өтеушілердің бірқатары сот үкімін пысқырмай, көбіне түнгі уақытта дәмханалар мен ішімдік құйылатын орындарда немесе көшеде ұсталып жатады.

 

Саят Ермек