Спорт

Шаңғымен бағдарлау спорты биыл қысқы универсиада бағдарламасына қосылды

Дүниежүзілік қысқы универсиада биыл Ресейдің Красноярск қаласында өтеді. Дүбірлі дода наурыздың 2-сі басталып 10 күнге жалғасады. Биыл универсиада бағдарламасына қысқы спорттың 10 түрінен бөлек, алғашқы рет шаңғымен бағдарлау да енгізілген.

Шаңғымен бағдарлау спортынан іріктеу бір жұма бұрын Щучье қаласында өткен болатын. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 9 команда қатысты. Жарыс нәтижесі бойынша универсиадада осы спорт түрінен ел намысын 8 адам қорғайды. Олардың 2-уі – солтүстікқазақстандықтар. Қазір спортшылар бүкіләлемдік бәсеке алдында дайындықтарын пысықтап, жаттығып жатыр.

Әсем Назырова бағдарлау спортымен 5-ші сыныптан бері айналысып келеді. 2015 жылы Азия чемпионы атаныпты. 23 жастағы спорт шеберінің ендігі мақсаты – универсиадада жақсы нәтиже көрсету.

Әсем Назырова – шаңғымен бағдарлау спорты бойынша халықаралық спорт шебері:

– Универсиадада шаңғымен бағдарлау 4 бағыт бойынша өтеді. Ең қиыны, картамен жұмыс істеу. Себебі, аталған спорт түрі – қатысушының дене дайындығымен қатар, жүйрік ойлау қабілетін де қажет етеді. Қысқа уақыт ішінде картада белгіленген бағдарлау пункттерін компас арқылы табуымыз қажет.

Ал Ілияс Назыров ерлер арасында сынға түспек. Ол күніне 2 мәрте жаттығып, шамамен 50 шақырымды бағындырады екен. Алайда, қарсыластарының мықты екендігін жасырмайды. Әсіресе, Норвегия мен Швеция елдерінің спортшыларынан асып түсу қиынға соғатынын айтты. Бұған қарамастан, бапкердің берген тапсырмаларын бұлжытпай орындап, бар күшіммен жеңіске талпынамын дейді азамат.

Ілияс Назыров – шаңғымен бағдарлау спорты бойынша спорт шебері:

– Ең алдымен біздің бапкеріміз әрбірімізге жеке жоспар құрады. Кейін сол жоспарға сәйкес күнделікті жаттығу жұмыстарын жасаймыз. Оның ішіне шаңғымен жүріп өту, сондай-ақ, күштік жаттығулар кіреді. Алдағы универсиадаға шамамен 1 айдай уақыт қалды. Қазір күн сайын Борки кентінің шаңғы базасында дайындалып жүрміз.

Жалпы, Дүниежүзілік қысқы универсиада Красноярск қаласында наурыздың 2-сі мен 10-ы аралығында өтпек.

Молдир Шаяхмет