Халық тарих толқынында

“Блокада альбомы” атты фотокөрме ашылды

Ленинград блокадасы. Небәрі екі сөз, бірақ млн-даған адам қасіреті. Қаңтардың 27-сі батыр қала Ленинградтың фашистердің құрсауынан босап шыққанына 75 жыл толды. Атаулы датаға орай облыстық тарихи-өлкетану музейінде “Блокада альбомы” атты фотокөрме ашылды. Шараға санктпетерборлық фотограф Сергей Ларенковтың 20 жұмысы қойылған.

Жүз мыңдаған адам өмірі, бомба мен зеңбірек оғы, граммен есептеліп таратылған нан. Санкт-Петербор қаласының әр көшесі, ғимараттары мен үйлерінде – 20-ғасырда орын алған үлкен қасіретті кезеңнің сыры жатыр. Жарық, жылу мен кәріз жүйесінен ағытылып, немістердің құрсауында қалған қала тұрғындарының 2 жарым жылға жуық уақыт ішінде көрмегені жоқ. Бір үзім нан үшін сағаттап кезекте тұрып, оны отбасына жеткізе алмағандар, су аламын деп, әлсіздігінен көшенің қақ ортасында құлап жатқандар қаншама. 872 күнге созылған нағыз азап мына суреттерде бейнеленген. Бұл – фотосуретші Сергей Ларенковтың жұмыстары. Туындылардың бір бөлігінде – блокадалық Ленинградтың, ал екінші жартысында – бүгінгі Санкт-Петербор қаласының көрінісі.

Константин Воробьев – Қазақстандағы Ресей әріптестігі өкілдігінің жетекшісі:

– Сергей кішкентай болғанда оның әжесі-блокадашы, немістердің құрсауында қалған Ленинградтың фотоларын көрсетіп, шаһардың тарихын баяндаған. Азамат сол кезде көргендерінен үлкен әсер алыпты. Кейін, өскеннен соң, өзі де дәл сол жерлерді фотоға түсіргісі келген. Жалпы, Сергей Ларенков – мамандығы бойынша лоцман. Яғни, кемелердің еш кедергісіз діттеген жеріне жетуін қамтамасыз ететін адам. Сондықтан, оның / барлығын өте дәл, әрбір градусына дейін есептеу қабілеті бар.

Сергей блокадалық Ленинград көрінісін бейнелеген фотографтың қай жерде тұрғанына дейін есептеп, дәл сондай биіктікте бірқатар сурет жасаған. Кейін, Санкт-Петербордың кешегісі мен бүгінгісін бір туындыға үйлестіріпті. Міне, көрмеге қойылған 20 еңбектің тарихы осындай. Мынау – 20-шы және 21-ші ғасырдағы Невский даңғылы. Қызын қолынан жетектеп бара жатқан алаңсыз ана мен өзінің бауыр еті баласының денесін сүйреп бара жатқан нәзікжанды. Ал Владимирский даңғылы бойынша күнделікті күйбең тіршілікте асығыс жүретін тұрғындардың бұрын дәл осы ғимарат қабырғасында қандай жазудың болғанын білмеуі де мүмкін. Кезінде бұл жаққа фашистер зеңбірек оқтарын көптеп жаудыртқандықтан, аймақ өте қауіпті деп танылған. 1944 жылы бұл жазуды ленинградтықтар қуана-қуана өшіруде. Енді, қорқуға негіз жоқ! Блокада бұзылды!

– Көрмедегі суреттер менің көңілімді босатты. Қос заманның көріністері бір-біріне қарама-қайшы қою арқылы салыстырмалы түрде берілген. Блокадашылардың қиын өмірі ешкімді бейжай қалдыра алмайтыны сөзсіз.

– Фотокөрмеде Ленинград блокадасының қаншалықты ауыр болғаны көрсетілген. Тарихи кезеңдерді осылайша бейнелеген Сергей Ларенковқа алғысымды білдіремін.

Бұл қасіретті кезеңді Ирина Седельникова өз көзімен көрген. Ол кезде небары 5 жаста болған екен.

Ирина Седельникова – блокадашы:

– Кішкентай болсам да блокада кезінде болған жайттар есімде мәңгі қалды. Бір үзім нанға зар болғанбыз. Оның дәмі әлі есімде. Анам бізге тамақ табуға тырысатын. Нанды кептіріп сақтайтынбыз. Бірақ, оның өзі көпке жетпеді. Бір күні, анамыз жұмысқа кеткенде, үйімізге немістер ұшақтардан оқ жаудыра бастады. Әйнек жарылып, терезеде тұрған гүлдер ұшып кетті. Біз тез арада тығылып, аман қалдық.

Ленинград қаласының блокадасы кезінде 630 мыңнан астам шаһар тұрғыны көз жұмған. Олардың 17-мыңы оққа ұшса, қалғанының өмірін ашаршылық әкетті.

Эльмира Садвокасова