Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қала әкімінің кезекті есеп беру жиыны өтті

3 жыл бұрын мемлекеттік бағдарлама бойынша үй алған тұрғындардың пәтерлері суық, ал терезелерінен жел соғады. Жертөлесі болса суға толып тұр. Бұл мәселе жайлы Береке ықшам ауданының тұрғыны қала әкімінің есептік кездесуінде көтерді. Жиында сондай-ақ, апаттық баспаналар мен қала көшелерінің қардан дұрыс тазаланбайтындығы туралы айтылды.

Өткен жылы облыс орталығында қыруар шаруа тындырылды. Оны петропавлдықтар жақсы біледі. Десе де, әлі біраз іс атқарылуы тиіс. Олардың көбін шаһар басшысы Марат Тасмағанбетов айтса, бірсыпырасын есептік кездесуге келген көпшілік жайып салды. Жұмысшы кентінің тұрғындары жазбаша өтініштерінде ауданда суағарлардың жоқтығына шағымданған. Тағы мұндағы көптеген көшелерде жаяу жүргіншілер жолы қарастырылмапты. Жолдар да жөндеуді қажет етеді екен. Бұндай проблема Береке ауданының тұрғындарын да мазалап отыр.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Островский, Досмұхамбетов, Красин көшелерінің бір бөлігін жөндеуді сұраған екен тұрғындар. Олардың кейбірінің жобалық-сметалық құжаттары әзір. Барлық есептік кездесулер аяқталған соң біз айтылған барлық жолдар бойынша қаржы алу үшін өтініш беретін боламыз. Сонда ғана орташа жөндеу жұмыстары қандай көшелерде жүргізілетіні белгілі болады.

Тағы Береке ықшам ауданының тұрғындары саябақ керек деп жазған. Оған қала әкімі биыл бұл шаруаның жоспарда бар екенін айтты. Мұнда алдағы уақытта аумағы 2 мың шаршы метр болатын демалыс орны пайда болмақ. Кейін Марат Тасмағанбетовке өз сауалдарын залға жиналғандар жеткізді. Осы ретте шаһар басшысы ескі ағаштарды кесу, балалар алаңқайы мен футбол алаңдарын салу және аулаішілік жолдарды жөндеу сынды сұрақтарға уақытын кетіргісі келмеді ме, әйтеуір халықты жазбаша түрде тапсыруды сұрады.

Надежда Винникова – қала тұрғыны:

– Белинский көшесінің Панфилов вен Суворов көшелеріне дейінгі аралығына қиыршық тас төселсе екен дейміз. Қыста жақсы. Барлық шұрық-тесігін қар жабады. Ал ертең көктем келсе батпақтың ортасында қаламыз. Жүру мүмкін болмайды.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Жұмысшы кентінің жолдарына қиыршық тас төсеу жағдайды реттемейді. Ол бюджет қаржысын желге ұшырғанмен бірдей. Жер батпақты болғандықтан жайылған материал сіңіп кете береді. Сондықтан, биыл асфальт төсеу бойынша өтініш береміз. Егер ол мақұлданса, онда тиісті жұмыс атқарылады. Ал егер мүлдем ешқандай шешім шықпай жатса, онда қиыршық тасты қолдануға тура келеді.

Әсел Есімова Марат Тасмағанбетовтің есептік кездесуіне осымен екінші рет келіп отыр. Өткен жолғы жиында Жуков көшесі, 34 мекен жайы бойынша салынған баспанадан 2 ай бұрын пәтер алып, тек оның кілтін ала алмай жүргендігін айтқан болатын. Шаһар басшысы тапсырма берген соң қарамағындағылар келіншекке кілтті бірден келесі күн табыстапты. Бірақ, үйіне кірген оның қуанышы су сепкендей басылған.

Әсел Есімова – қала тұрғыны:

– Үйіме бардым, пәтеріме кірдім. Бірақ, қуанышым көпке созылмады. Онда не жарық жоқ, не су жоқ. Осы мәселені не істейміз?

Бұл сұраққа жауап беру үшін қала әкімі орынбасары Қайролла Ғалеевті көтерді. Ол жарық пен жылу кілттерді барлық пәтер иелеріне табыстап, кейін монополист компаниялармен келісімшартқа отырып, шоттарын ашқан соң ғана беріледі деді. Мұны естіген Марат Тасмағанбетов қарамағындағылардың жұмысын сынға алды.

Марат Тасамағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Бұл жерде қателік құрылыс бөлімінен және жалпы жауапты мамандардың тарапынан кеткен. Шағымыңыз орынды. Тұрғындар онсыз да пәтер кілттерін қаншама уақыт бойы күтті. Енді, міне, қайтадан проблема туындауда. Сондықтан, жауапты адамдар жазаланатын болады.

Келесі қала тұрғыны да баспана мәселесі бойынша келген. 2016 жылы Гастелло көшесі бойындағы 46 үйден пәтер алған ол үйінің суық екендігіне шағымдануда.

Айдар Молдабаев – қала тұрғыны:

– Пәтер суық. Екі жыл кепілдік болды. Бірақ, құрылыс жүргізген компания сол аралықта түк істеген жоқ. Әйнектерден жел үрлейді. Қабырғалары жарылып жатыр. Жертөледе су тұр.

Сұраққа жауап берген Қайролла Ғалеев комиссия құрып, барлық шағымдарды тексеретін боламыз дегеннен әрі аса алмады. Бірақ, шаһар басшысы бұл проблеманың бұрыннан белгілі екендігін айтып, мәселені шешуді тапсырды.
Есептік кездесуге келген Қаржаубай Әбілқайыров апаттық деп танылған баспанада тұрады екен. 1914 жылы тұрғызылған Медведев көшесіндегі 39-шы үйдің 95 пайызының тозығы жеткен.

Марат Тасамағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Тұрғын үй инспекциясына баспананы тағы бір тексеріп, оның қандай жағдайда екендігін анықтаңыздар. Жалпы, бүгіндері қалада апаттық деп танылған 17 үй бар. Өткен жылы біздер 3-уін сүріп тастасақ, биыл 4-уі бұзылады. Бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бірақ, сіздің үйіңіз биыл жоспарға енеді деп мен айта алмаймын.

Тағы жиынға келген біраз тұрғын көшелердің қардан дұрыс тазаланбайтындығын жеткізді.

Владимир Шухов – қала тұрғыны:

– Өткен жолы жауған қардан кейін көшеміз тазартылмады. Жалғыз кішкентай ғана трактор жүрді. Бірақ, қардың көлемі сол қалпында қалды. Жалпы, Жұмысшы кентін нашар тазалайды.

Марат Тасамағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Өткен жолы кәсіпорындар шынымен де қар тазалау жұмыстарын нашар жүргізді. Оны мойындаймын. Сондықтан, оларды екінші қайтара жұмысқа шақырдым. Айта кетейін, істі жөнді атқармаған 3 кәсіпорынмен келісімшарт бұзылды. Қазір олардың орнына өзгелері келеді.

Бұдан бөлек кездесуде Жұмысшы кентіне қосымша автобус бағыттарын тарту және автотұрақтарға қатысты сауалдар жолданды.

Магжан Ахмадина