Спорт

Петропавлда жасөспірімдер арасында жеңіл атлетикадан облыстық чемпионат басталды

Петропавлда жасөспірімдер арасында жеңіл атлетикадан облыстық чемпионат жалауын көтерді. Додаға Петропавл қаласы мен Жамбыл, Ақжар, Айыртау және Тимирязев аудандарынан келген 150-ден астам спортшы қатысты.

Бұл жарыстың алғашқы күні. Бүгін спортшылар 60, 100 және 150 метрді жүгіріп өтулері қажет. Қазір олар сайыс алдында денелерін қыздырып, түрлі жаттығулар жасап жатыр. Сонымен, жарыс жолына бақтарын сынау үшін алғашқы қатысушылар шықты.

Сайысқа 14 пен 17 жас аралығындағы 150-ден астам жеткіншек қатысып жатыр. Виктория Поправкина жеңіл атлетикамен 8 жылдан бері айналысады. Қазір ол ұзындыққа секіруден бағын сынауда. Бұл спорт түрінде ең бастысы, жылдамдық пен дәлдік дейді спортшы.

Виктория Поправкина – чемпионатқа қатысушы, Петропавл қаласы:

– Ұзындыққа секіруден нәтижем – 4.88 метр. Әдетте, жаттығулар барысында еш қиындықсыз 5.10 метрге секіретін едім. Аздап көңілім толмай отыр. Ертең жүгіруге қатысып, бірінші орын алуға тырысамын.

Ал мына жерде спортшылар күштерін ядро лақтырудан сынауда. Қатысушыларға барлығы 6 мүмкіндік беріледі. Айыртау ауданынан келген Сергей Астапенко бүгінгі сайыста жақсы нәтиже көрсетті. 16 жастағы бозбала ядроны 14.22 метр қашықтыққа дәл лақтырып, қарсыластарынан басым түсті. Өткен жылдың шілде айында спортшы ел чемпионатында 1-ші орынды иеленген екен.

Сергей Астапенко – чемпионатқа қатысушы, Айыртау ауданы:

– Бұл спорт түрінде ең бастысы дайындығың жақсы болу керек. Сол себепті, аптасына 5 мәрте жаттығамын. Республика деңгейінде жақсы нәтиже көрсетіп жүрмін. Осыған дейін айкидомен айналысқан едім, кейін ядро лақтырудан да күшімді байқап көрдім. Қазір бар уақытымды тек осы спорт түріне арнап жүрмін.

Жарыстың екінші күнінде жеңімпаздар анықталып, бағы мен бабы шапқандар ақпан айында өтетін ел біріншілігіне жолдама алады. Қазақстан чемпионаты Қарағанды және Өскемен қалаларында ұйымдастырылмақ.

Молдир Шаяхмет