Балалар

Қолөнер шеберлерінің байқауы өтті

Табиғат әлемі балалардың көзімен! Петропавлда осындай атаумен жас қолөнер шеберлерінің шығармашылық байқауы өтті. Облыстық конкурсқа теріскейлік талантты ұл-қыздар әзірлеген 120 жұмыс қатыстырылды.

Байқауда көрермен назарына қойылған жұмыстардың барлығы көздің жауын алады. Олардың әрқайсысына мұқият қарайтын болсан, ерекше фантазия, зор талғаммен жасалғандығын ұғынасын. Мәселен,
мына алманы есілдік жастар дайындапты. Нақтырақ айтсақ, кәдімгі киізден әзірлеген. Ал себетін газет қиындыларынан жинапты. Конкурста бұдан бөлек те керемет еңбектер жетеді.

Ирина Колодаева – ОБЖШО директорының орынбасары:

–  Облыстық байқауға 120 жұмыс қатыстырылып отыр. Олар Петропавл қаласы мен өңіріміздің аудандарынан жолданды. Барлығы керемет. Әсіресе, фотоаппаратқа түсірілген, қағазға салынған суреттер тамаша. Одан бөлек, тігілген, тоқылған туындылар да көңілімнен шықты. Осы конкурста үздік атанған еңбектерді іріктеп аламыз. Кейін, оларды авторларымен бірге республикалық сайысқа жібереміз.

Алмас Серікбаев – облыстық қолөнер байқауларының бірнеше дүркін жеңімпазы. Бүгін жас шебер конкурсқа өзінің төл туындысы – әткеншекті алып келіпті. Бір қызығы, бұл жұмыс қақпақ, диск, пластмасса қасық сынды қалдықтардан құрастырылған. Оқушы оларды рет-ретімен жинап, ойыншық көліктің қозғалтқышына қосыпты. Нәтижесінде карусель айналатын болған.

Алмас Серікбаев – Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің оқушысы:

– Осы каруселді жасау үшін бір-ақ күн кетті. Себебі, байқауға қатысуға аз уақыт қалған болатын. Сондықтан ағайым екеуміз 3-4 сағаттың ішінде құрастырдық.

Қаз-қатар қойылған колөнер жұмыстарын кішкентай көрермендер де тамашалады.

–  Маған қисық ағашқа орнатылған шам ұнады. Оны саяжайға да қоюға болады екен. Тағы, қағаздан әзірленген ваза, кеме де керемет.

–  Көрме көңілімнен шықты. Мұндағы суреттер әдемі. Киізден жасалған алма мен гүлдер де ұнады.

Байқау соңында жүлдегерлер анықталды. Оларға мақтау қағаздары салтанатты түрде табысталды.

Байболат Бектемірұлы