Балалар

Облыс бойынша 30-ға жуық IT сынып бар

Бүгінгі таңда облыс бойынша 30-ға жуық IT бағыттағы сынып жұмыс істеуде. Олардың барлығы өткен жылы ұл-қыздардың игілігіне тапсырылған болатын. Жартысына жуығы – Петропавл қаласындағы Оқушылар сарайында.

14 IT бағыттағы сынып, 60-тан астам үйірме мен жүздеген бала. Бұл – өткен жылы облыс орталығында ашылған Оқушылар сарайы. Қазір мұндағы жұмыс қызу. Қай кабинетте болмасын жеткіншектер бас көтермей істерімен айналысып жатыр. Себебі, олар өздеріне берілген 80 минут уақытты барынша тиімді пайдалануға тырысуда. Үйірме ашылған сәттен бастап балалардың жеткен жетістіктері аз емес. Қыз-жігіттер шаруаларының нәтижелерімен жергілікті «Нұр Отан» партиясының өкілдерімен бөлісті.

Осылайша, бір топ бала өңірдегі тіршілік көзін, енді бірі бұршақ тұқымдас дақылдарды зерттеумен айналысуда. Соңғысы 10-шы сынып оқушысы Сымбат Қажығалидің қызығушылығын тудырыпты. Айтуынша, адамдар қазіргі таңда жасымықты өздерінің ас мәзіріне өте сирек қосатын көрінеді. Алайда, оның адам ағзасына тигізер пайдасы аз емес. Сондықтан, балалар дақылды тағамдарда пайдаланудың жаңа әдістерін іздестіруде.

Сымбат Қажығали – Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің оқушысы:

– Біз қазір жасымықты алып, оны үгітіп, ұн жасап жатырмыз. Одан дайындалған тағамдар өте пайдалы әрі дәмді. Әсіресе, диабет пен жүрегі ауыратын адамдарға шипа болады.

Тағы нұротандықтарға гидропоника кабинеті де таныстырылды. Оқушылар мұнда балық өсіріп, көкөністер отырғызып, калифорниялық құрттардың көмегімен биогумус жасауда. Осылайша, жеткіншектер жасыл технологияларды меңгеру үстінде.

Лариса Воробьёва, Оқушылар сарайының экологиялық-биологиялық бағытының меңгерушісі:

– Балалар қазір тиляпия балықтарын өсіруде. Бастапқы кезде олардың салмағы 3 грамм болса, бүгінде 20-ға дейін жетіп отыр. Балықтардың суы кейін көкөністерді суаруға жұмсалады. Табиғи таза тіршілік көзі болғандықтан, біздің отырғызған пияз, қызанақтарымыз тез өсіп жатыр. Жуырда ғана бірінші жемістерін алдық.

Бұл оқушылар сарайында жұмыс істейтін IT-кабинеттердің тек бір парасы ғана. Бастысы балалардың қайсысы болмасын, өзінің жүрегіне жақын ісін дәл осы үйірмелерден таба алады. Жалпы, еліміз бойынша мұндай сыныптардың бүгінде мыңға мыңға жуығы бар. Олардың барлығы дерлік “Нұр Отан” партиясының бастамасымен ашылған болатын.

Артур Молдағұлов – «Нұр Отан» партиясы СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:

– 2017 жылы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша біз елімізде IT-сыныптарды ашуды қолға алған болатынбыз. Қазір Оқушылар сарайындағы үйірмелерден бөлек, өңірімізде мұндай 15 сынып жұмыс істейді. Олардың 13-і әрбір аудан орталығында орналасқан. Қалған екеуі – Петропавл қаласында. Аталған шаруа балалардың заманауи технологияларды меңгеріп, болашақта білікті маман болуларына септеседі.

2019 жылы “Нұр Отан” партиясының өкілдері бұл жұмысты жалғастырып, әрбір ауданда тағы екі IT-сыныптан ашуды жоспарлауда.

Эльмира Садвокасова