Балалар

Өңір ұл-қыздары Елбасының “Жастар жылы” бастамасын қолдап отыр

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. Енді талапты да талантты ұл-қыздардың алдында үлкен міндет тұр. Өңір жастары да аталған бастаманы қолдап, өз үлестерін қосуға әзір.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде жалынды жастардың бастамаларын қолдап, олардың жүзеге асырылуына аса көңіл бөлу керектігін айтып өтті. Мәселен, Үкіметке “Жас маман” бағдарламасын дайындау тапсырылды. Осының арқасында 3 жылдың ішінде 200 мыңға жуық жас 100 жаңа мамандық меңгермек. Бұл турасында теріскейліктер өз ойларымен бөлісті.

Асқар Баймұқанов – қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

– Біздің елімізде жастардың алға қарай ілгерілеп, дамуына барлық жағдай жасалып жатыр. Жаңа мамандықтарды меңгеруге екпін беру, жалпы бұл үлкен серпіліс деп ойлаймын. Елбасымыз айтып кеткендей ұлт болашағы – білімді де жігерлі ұрпақтың қолында.

Сондай-ақ, Елбасы жас іскерлердің қатарын арттыру керектігін де атап өтті. Бұл жаңалықты петропавлдық студент Жанат Какимов қуана қабылдады. Себебі, ол бала кезінен бизнесмен боламын деп алдына мақсат қойған екен. Мектепте оқып жүрген кезінде-ақ “Жас кәсіпкер” курсынан өтіп, арнайы сертификат алған. Кейін “Jas Project” жобасы аясында грантқа қол жеткізіпті. Қазір ол достарымен бірге балаларға арнап макет жинақтарын жасайды.

Жанат Какимов – студент:

– Жобамыз үш бөлімнен тұрады. Ол туған өлкенің киелі жерлері мен эпос кейіпкерлерін танып-білу және қазақ әліпбиін латын қарпінде теруді үйрету. Елбасымыз өз сөзінде биыл жас кәсіпкерлер үшін грант бойынша бөлінетін қаржы көлемі 2 есе артады деді. Бұл мен үшін өте жақсы жаңалық. Себебі, наурыз айында “Бастау” жобасы аясында оқудан өтіп, гранттық қаржыландыруға қол жеткізуді жоспарлап отырмын.

Осындай Жанат сияқты белсенді де талапты жастарды демеп, ынталандырып отырса, өскелең ұрпақ еліміздің дамуына зор еңбек сіңіретініне сенім мол.

Молдир Шаяхмет