Балалар

Бескөлде жастарға қызмет көрсету орталығы ашылды

Қызылжар ауданының орталығы – Бескөл ауылында жастарға қызмет көрсету орталығы ашылды. Жаңа кеңседе жергілікті атқарушы билік өкілдері отырмақ. Олар ұл-қыздарға мемлекеттік бағдарламалар, кәсіпкерлік, жұмысқа орналасу, білім алу бойынша ақыл-кеңестерін береді.

“Қызылжар” жастарға қызмет көрсету орталығы Бескөлдегі “Нұр Отан” партиясының аудандық филиалында орналасқан. Бұл кеңсенің ашылуына Елбасының үстіміздегі жылды кейінгі ұрпақ өкілдеріне арнауы себеп болыпты.

Гүләсел Хамитова – “Қызылжар” жастарға қызмет көрсету орталығының кеңесшісі:

–  Былтыр Петропавл қаласында семинар өткен болатын. Ол жиынға Алматы, Талдықорған қалаларындағы жастарға қызмет көрсету орталығы өкілдері келіп, өздерінің ақыл-кеңестерін берді. Кейін, біз де орталық ашуды ойладық. Оның үстіне бір-екі күн бұрын Елбасы жастар жылын жариялағандықтан, осындай орталық құру жайлы нық шешім қабылдадық.

Жастардың игілігіне берілген кеңседе қажеттінің бәрі бар. Мысалы, мұнда аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы отырады. Ол мемлекеттік бағдарлама аясында қыз-жігіттерді еңбекпен қамтуға көмектеспек.

Тағы, орталықтағы мамандар “Бастау бизнес” жобасы аясында білім алуға көмектеседі. Оған қоса, құқықтық мәселелер бойынша да қолғабыс етеді. Бір сөзбен айтсақ, жастардың аяқтан тұрып, қызмет етулеріне жағдай жасайды. Кеңсенің ашылуымен жиналғандарды аудан әкімі Жанат Сәдуақасов құттықтады. Ол жаңа орталық ұл-қыздарға көп пайдасын тигізетіндігіне сенімді.

Жанат Сәдуақасов – Қызылжар ауданының әкімі:

– Қазіргі таңда мыңға жуық қызылжарлық жас университетте, коллеждерде оқып жатыр. Олардың жүзі биыл білім ошақтарын тәмамдап, маман иесі атанады. Кейін, жерлестеріміз осы жердегі қызметкерлерге жүгініп “Дипломмен ауылға” бағдарламасы арқылы жұмысқа орналаса алады. Жалпы, аталған жоба жарияланғалы Қызылжар ауданына 830 жас келіп, еңбекпен қамтылды.

Орталықтың ашылғаны сол-ақ еді залдағы жастар мамандардан кеңес алуға кірісті. Мәселен, Бекзат Латыпова “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасы аясында екі қолға бір күрек табудың қыр-сырын біліп жатыр.

Бекзат Латыпова – Бескөл ауылының тұрғыны:

– Орталықтың ашылғаны жақсы болды. Бізге үлкен көмек көрсетеді. Сұрақтарымыз болса, осында келіп мамандарға жүгіне аламыз.

Жақында “Қызылжар” жастарға қызмет көрсету орталығы онлайн режимде де жұмыс бастамақ. Осылайша мамандар шалғайда орналасқан ауылдардағы қыз-жігіттермен байланысқа шығып, олардың сұрақтарына жауап беретін болады.

Култанов Байболат