Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ақжар ауданының әкімі жұртшылық алдында есеп берді

Ақжар ауданының әкімі Ербатыр Мадияров халық алдындағы есептік кездесуін өткізді. Жиында ауданның өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы баяндалып, тұрғындардың сұрақтары тыңдалды.

Ақжар ауданының тізгініне жарты жыл бұрын келген Ербатыр Мадияровтың есептік кездесуінде зал адамға толы болды. Сұрастырып көрген едік, келгендердің арасында мұғалімдер мен мемлекеттік қызметшілер жиі кездесті. Жалпы, ақжарлықтардың айлық табысы облыс бойынша ең төмені. Аудандағы орташа жалақы деңгейі небәрі 84 мың 557 теңгені құрайды. Бірақ, әкімнің сөзінше, жағдайды түзетіп, тұрғындардың тұрмыс сапасын көтеру бойынша бірқатар шаралар қолға алынуда. Өткен жылы мұнда жол жөндеу және құрылыс жұмыстары бойынша біраз шаруа тындырылған екен.

Ербатыр Мадияров – Ақжар ауданының әкімі:

– Өткен 12 айда аудан бойынша 3 мың 135 шаршы метр баспана тұрғындар игілігіне берілді. Ал Талшық ауылындағы 2 қабатты 12 пәтерлік үй күрделі жөндеу көрді. Жұмсалған қаражат – 81 млн теңге. Сондай-ақ, өткен жылы аудан орталығында дене шынықтыру-сауықтандыру кешенінің құрылысы басталған болатын. Инженерлік коммуникациялар өткізілген су жаңа нысан құны – 383,5 млн теңге. Оған былтыр жергілікті қазынадан 50 млн бөліп құрылыс жұмыстарын бастап қойдық, ал биыл ақша облыстық және республикалық бюджеттен үлестіріледі. Кешен үстіміздегі жылы қолданысқа беріледі.

Сондай-ақ, биыл аудан орталығы – Талшық ауылында “7-20-25” бағдарламасы бойынша 5 қабатты баспана бой көтермек. Оған қазірден бастап өтініштерді қабылдау жүріп жатыр. Осылайша, жиын басында белгіленген регламенттегі жарты сағаттың орнына баяндаманың оқылуы бір жарым сағатқа ұласып кетті. Ал кезек тұрғындардың сұрақтарына келіп жеткенде жұрт жалығып кетті ме екен, әйтеуір шағымын не ұсынысын жеткізгендер аз болды. Сол себепті, кейбір маңызды мәселелер бойынша Ербатыр Мадияров сұрақ күтпей, өзі түсініктеме берді.

Ербатыр Мадияров – Ақжар ауданының әкімі:

– Су мәселесі 100 пайыз шешілді. 24 ауылдың барлығын ауыз сумен қамтамасыз еттік. Жұмыстарды әрі қарай жалғастырып, тіршілік көзін көшеге, үйге дейін тартуды жоспарлап отырмыз. Биылғы жылы “Қазсушар” серіктесігімен келіссөздер жүргізіледі.

Әкімге көкейдегі сауалын тікелей жолдағандардың алғашқысы – спорт ардагері Айшыбай Қаражігітов. Ол аудандық дене шынықтыру және спорт бөліміндегілердің жұмысына наразы.

Айшыбай Қаражігітов – спорт ардагері, Ақжар ауданы:

– Спортқа тиісті көңіл бөлінбейді. Біздің спортшыларымыз әрдайым қысқы және жазғы спорт жарыстарында соңғы орындарда жүреді. Басшылық тарапынан қызығушылық жоқ.

Бұл сұрақты әкім қараусыз қалдырмаймын, жыл бойы бөлім басшысының жұмысын ерекше бақылауда ұстаймын деді. Жағдай түзелмейтін болса, бөлім жетекшісі лауазымын босатуы да ғажап емес. Тағы ауылдағы ағайын аудан орталығы – Талшықта кейбір көшелердің жарықтандырылмағанын жеткізді. Апаттық немесе құрылысы аяқталмаған нысандар да көп мұнда. Ал олардың іші толған қоқыс дейді тұрғындар.

Анна Губа – Талшық ауылының тұрғыны, Ақжар ауданы:

– Міне, мына құрылысы бітпеген нысанның іші толған күл-қоқыс. Бұрын ауылда қоғамдық монша болған еді, қазір оның ғимараты да былықтың ордасына айналды. Қалдықтар жиналмайды.

Есептік кездесуге базынасын арқалап келгендерді әкім жеке қабылдап, проблеманы шешуде көмектесемін деп уәде берді.

Саят Ермек