Құқық қорғау органдары

СҚО полицейлері 2019 жылды “Есірткісіз болашақ” жылы деп жариялады

Өткен жылы облыста 263 адамның есірткі қолданатыны анықталған. Оның 13-і – жасөспірімдер. Аталған фактілерді азайту үшін биылғы жыл Полиция департаментінде “Есірткісіз болашақ” жылы деп жарияланып отыр.

Спайс, каннабис, гашиш және опий. Бұл – химиялық сипатымен ерекшеленетін қауіпті синтетикалық есірткі түрлері. Зиянды заттар адам ағзасында тәуелділікті қысқа мерзімде, яғни небәрі 3 айдың ішінде тудырады екен. Оны қабылдаған адамның жүйке жүйесі зақымданып, психикасы бұзылады. Осындай синтетикалық заттардың әсері марихуана, героин сияқты есірткі түрлерінен әлдеқайда күшті. Тіпті, спайспен әуестенетіндер бар-жоғы 1 жылға дейін өмір сүруі мүмкін. Облыста өткен жылы 263 адамның есірткі қолданатыны анықталған. Олардың 52-сі – синтетикалық заттармен әуестенетіндер.

Жандос Басыбаев – СҚО ПД есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бастығы:

– 13 жағдай кәмелетке толмағандарға қатысты. Жастардың арасында 12-дегі жеткіншектер де бар. Бұндай фактілердің алдын алу үшін біз биыл “Есірткісіз болашақ” жылын жариялап, ауқымды іс-шараны қолға алып отырмыз. Бірқатар мектеп оқушыларымен кездесулер ұйымдастырып, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік.

Қазіргі таңда ғаламтор желісі арқылы синтетикалық есірткі түрлерін саудалап, қалталарын қампитып отырғандар бар. Олар көбіне ғимарат қабырғалары, аялдамалар мен подъездерде өздерінің сайттарын трафарет сияқты сызбалар арқылы қалдырып кетеді. Мұндай жазуды көргендер бірден полицейлерге хабарласқандары жөн.

– Қабырғаларда жазылған сызбаларды жиі көретінмін. Бірақ, оларға бұрын мән бермейтін едім. Енді ол жазулардың не екенін және бірден полицейлерге хабар беру керектігін білемін.


– Есірткі адам ағзасына зиян келтіреді. Мұндай шаралар барысында нашақорлықтың салдары нақты мысалдармен түсіндіріледі. Бүгін салауатты өмір салтын ұстану жайында көп маңызды ақпарат айтылды.

Полиция қызметкерлері ұйымдастырған жиынға барлығы 600-ге жуық мектеп оқушысы мен студенттер қатысты. Жиын соңында жастары арнайы әзірленген флешмобқа қатысты.

Молдир Шаяхмет