Денсаулық сақтау

СҚО-да экстракорпоралдық ұрықтандыру әдісімен 23 сәби дүниеге келген

Бүгінде жылдар бойы сәби сүйе алмай жүрген ерлі-зайыптылардың / экстракорпоралдық ұрықтандыру әдісі арқылы нәрестелі болуға мүмкіндіктері бар. Бұл процедура 3-ші қалалық аурухананың репродукция бөлімшесінде жасалады. Осы орталық ашылғалы бері Солтүстік Қазақстан облысында жасанды жолмен 23 сәби дүниеге келген.

Саят Ермек – тілші:

– Отау құрып, бірақ түрлі себептермен бала сүйе алмайтын жанұялар, өкінішке қарай, баршылық. Ақ халаттылардың сөзінше, бұған көбіне ер мен әйелдің жыныстық денсаулығындағы ақау немесе физиологиялық үйлесімсіздік себеп. Бірақ, медицинаның алға басқаны соншалық, бедеулік қазір үкім емес. Бүгінде құрсақ көтере алмаған нәзікжандылардың көбі дені сау сәби сүю үшін экстракорпоралдық ұрықтандырудың көмегіне жүгінеді.

Жұртшылыққа бұл процедура “ЭКО” деген қысқартылған атаумен таныс. Мұндай жасанды репродукция бөлімшесі қалалық №3 аурухана базасында 2012 жылдан бері жұмыс істейді. Зертханалық жолмен дүниеге келген алғашқы солтүстікқазақстандық егіз ұл мен қыз биыл 6 жасқа толады екен. Бұдан кейін өңірде экстракорпоралдық ұрықтандыру арқылы тағы 21 сәби туылған. Бірақ, бұл балалардың ата-аналары сырын ашып, сұхбат беруден бас тартады.

Ольга Звягина – 3-ші қалалық аурухананың репродуктолог-дәрігері:

– Жұртшылыққа бұндай нәрестелердің табиғи жолмен туған балалардан еш айырмашылығы жоқ екендігін түсіндіру қиын. Сондықтан, ата-аналар қоғамның қызу талқысына ұшыраймыз деп қорқады. Бұл жұптар үшін біз 100 пайыздық анонимдікті қамтамасыз етеміз. Экстракорпоралдық ұрықтандыру бала сүйе алмай жүрген ерлі-зайыптылардың арманына қол жеткізулеріне мүмкіндік береді.

Негізі, бұл – қарапайым. Зертханада дәрігер-репродуктолог ерлі-зайыптының жыныстық жасушаларын жасанды жолмен ұрықтандырады. Нәтижесінде пайда болған эмбриондардың бірнешеуі болашақ ананың құрсағына ендіріледі. Ең қызығы, әйел жатырында эмбриондардың екіге бөлінуі де ғажап емес. Сонда өмірге егіз сәбилер дүниеге келеді. Ал сынамада қалған өзге эмбриондарды қалау бойынша консервілеуге болады. Олар 25 жылға дейін сақталады екен. Егер нәзікжанды қандай да бір себептермен баладан айырылып қалса немесе жұйбайлар бірнеше жылдан соң қайта сәби сүйгілері келсе, олардың консервіленген эмбриондарды пайдалану мүмкіндігі бар.

Ольга Звягина – 3-ші қалалық аурухананың репродуктолог-дәрігері:

– Бүгінде экстракорпоралдық ұрықтандыруды бір рет жасау құны 424 мың 696 теңгені құрайды. Бұл қосымша препараттар алу үшін қажетті соманы қоспағанда. Тағы бізде “Эко плюс Икси” бағдарламасы бар. Оның бағасы – 524 мың 682 теңге. Бұл бағдарлама жұптар еркектік факторға байланысты бала сүйе алмаған кезде қолданылады.

Петропавлдағы репродукция бөлімшесі экстракорпоралдық ұрықтандыру процедурасын тек ақылы түрде жүргізеді. Ал арнайы тізімде көрсетілген екі себеп бойынша сәби сүйе алмай жүрген жұптардың мемлекеттік квотаға ие болу мүмкіндігі бар. Биылғы жылы ел қазынасының қаражаты есебінен 25 солтүстікқазақстандық отбасы эко жасатқан. Бірақ, тегін ұрықтандыру Қазақстан бойынша тек Алматы, Астана және Тараз қалаларында жасалады.

Біздің шаһарда әйел азаматтарды жүкті етудің тағы бірнеше әдісі қолданылады екен. Солардың бірі – жатырішілік инсеминация. Ол көбіне жалғызбасты нәзікжандылардың арасында танымал. Бұл әйел жандар донордың көмегімен балалы болады. Болашақ нәрсестесінің әкесін олар бойдың ұзындығына, салмағына, көздерінің түсіне және білімі мен таланттарына қарай өздері таңдайды.

Саят Ермек