МТРА жаңалықтары

Облыс әкімдігінің кеңейтілген алқа отырысында жол жөндеу сапасы талқыланды

Жол жөндеумен айналысатын кәсіпорындардың жұмысы көңіл көншітпейді. Салықтан жалтарып, еңбеккерлеріне мардымды жалақы төлемей, іске жауапсыз қарайтын компаниялар қара тізімге енгізілуі тиіс. Көліктік инфрақұрылым саласында жұмыс істейтін субъекті өкілдерінің қатысуымен өткен кеңейтілген алқа отырысында облыс әкімі Құмар Ақсақалов осылай деді. Жиында жолаушы тасымалдау қызметінің сапасы жайлы да мәселе қаралды.

Бүгіндері өңірдегі жолдардың 39 пайызы нашар күйде. Яғни, 9 мың шақырымының әлі 3 мыңға жуығының жағдайы көңіл көншітпейді. Бұдан бөлек, жолдардағы 36 көпірдің 6-уы апаттық жағдайда деп танылған. Жағдай реттеліп-ақ жатыр. Жыл сайын жолдарды жөндеуге қыруар қаржы бөлінуде.

Владимир Балахонцев – СҚО жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

– 2018 жылы облыстық және аудандық жолдарды қалыпты жағдайда ұстауға 14,6 млрд теңге бөлінді. Соның 10,1 млрд теңгесі – республикалық, ал қалғаны – жергілікті қазына қаржысы. Ал биыл 18 млрд 197 млн теңге бағытталып отыр. Сөйтіп, 2019 жылы атқарылатын жұмыстардың нәтижесінде жолдардың 65 пайызының жағдайы жақсармақ.

Өңір арқылы өтетін республикалық трассалардың жағдайы сәл жақсырақ. 2018 жылы «Қазавтожол» ҰК» АҚ облыстық филиалы өңір аумағында 21 жобаны жүзеге асырыпты. Оған 18,5 млрд теңге қаржы бағытталған. Әрине, баяндамалардан бәрі әдемі-ақ естіледі. Бірақ, оның барлығы ведомство басшылары айтқандай емес екендігін облыс әкімі тілге тиек етті. Өтйкені, жол жөндеуші компаниялардың жұмысы көңіл көншітпейді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Тендерді жеңіп алып жол жөндеумен айналысатын компаниялардың кейбірі міндетін сапалы атқармайды. Жыл сайын олқылықтар анықталып жатады. Мысалы, 2017 жылы Саумалкөл-Новоишимское, тағы Астраханка-Смирново-Қиялы-Алексеевка елді мекендері аралықтарындағы жөндеу жұмыстарынан кемшіліктер табылды. Өткен жылы Келлеровка-Южный бағытындағы және Айыртау ауданындағы «Солнечный ВИП» санаторийіне кіре беріс жолдарды қалыпқа келтіру ісі дұрыс орындалмаған.

Мердігер компаниялардың жұмысын қадағалайтын тиісті органдар тарапынан бақылау ақсап тұр деді Құмар Ақсақалов. Тағы өңірде жобалық-сметалық құжаттарды әзірлейтін бір ғана мекеме бар екен. Оның өзі жұмыстарында әлі күнге дейін атам заманғы әдістерді қолданатын көрінеді. Ешқандай жаңашылдық енгізілмеген. Инновациялар туралы айтудың өзі артық. Осы ретте аймақ басшысы оларға жаңа технологияларды енгізуді тапсырды. Жол жөндеумен айналысатын компаниялардың қолданатын материалдары да сапасыз болып шықты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мердігер кәсіпорындар пайда табу үшін кейде сапасыз материалдарды қолданады. Бұл да бақылаудың жоқтығын көрсетеді. Сондықтан, орынбасарым Антон Федяев пен басқарма басшысы Владимир Балахонцевқа осыны қадағалауды тапсырамын. Қыруар қаржы бағытталады, іске жүрдім-бардым қарау деген болмасын. Материалдардың сапасын бақылайтын зертханалардың көбі өзге өңірлерде орналасқан. Бізде тек 2 компания ғана бар. Олардың жүктемесі тым көп болғандықтан кейде басқа кәсіпорындарды тарту қажет болады. Өзіміздегі зертханалардың құрал-жабдықтарын да тексерген артықтық етпейді.

Жол жөндеумен айналысатын компаниялардың кейбірі салық төлеуде де сараңдық танытатын көрінеді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 2017 жылы «Гегарт» серіктестігі 526 млн теңгенің тапсырысын алып, 1 жарым млн теңге ғана салық төлеген. Ал былтыр 313 млн теңгеге жұмыс жасап, мемлекетке тек 12,6 млн теңге аударған. Тағы сондай кәсіпорындардың бірі – «Компания Best строй Петропавл». Олар 1 млрд теңгеге жуық тапсырыс алып, 2,5 млн теңге ғана салық төлеген. Оның үстіне қызметкерлеріне беретін жалақысы да мардымсыз. Техникаларын да жаңартпайды. Сонда қаржы қайда кетіп жатыр? Мемлекеттің арқасында ақша тауып жатырсыздар. Дұрыс жұмыс істеу керек!

Өңір жетекшісі мемлекетке салық төлемей, еңбеккерлеріне дұрыс жалақы бермейтін және ісін сапалы атқармайтын компанияларды қара тізімге енгізіп, алдағы уақытта олармен жұмыс істемеу керектігін қатаң түрде ескертті. Бұдан соң таяқтың бір ұшы аудан әкімдеріне де тиді. Өйткені, олар өз аумақтарындағы шаруаға салғырт қарайтын көрінеді. Жол бойындағы қызмет көрсету нысандарының жұмысын реттеу қажеттігі туралы талайдан бері айтылып келеді. Бірақ, бір жыл өтсе де нәтиже жоқ.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Облыстық маңыздағы жолдардың бойында ұлттық стандарттарға сай келетін бірде-бір нысан жоқ. Ақжар, Аққайың, Есіл, Жамбыл, М.Жұмабаев, Тимирязев аудандарының әкімдері бұл бағытта шыбық басын сындырған емес. Қалғандары, әйтеуір бірдеңе істеп бақты.

Бұл жұмыс аудандық атқамінерлердің мойнында қалады деді облыс әкімі. Өйткені, тапсырылған іс аяқсыз қалмауы тиіс. Кейін жолаушылар тасымалы сөз болды. Бүгіндері өңірде 113 елді мекенге автобус қатынамайды екен. Ал Қызылжар, Уәлиханов және Ақжар аудандарының орталықтарында автостанциялар жоқ. Қандай ауа райы болмасын тұрғындарға көлікті далада күтуге тура келеді. Осы ретте өңір жетекшісі аудан әкмдеріне жағдайды реттеуді тапсырды. Жиында Петропавлда жолаушылар тасымалымен айналысатын компанияладың да жұмысы сынға алынды. Олар соңғы 4 жылда автопаркін бар болғаны 10 пайызға ғана жаңартыпты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қоғамдық көліктердің іші де, сырты да көңіл көншітпейді. Бұл жөнінде тұрғындардан көп шағым түсіп жатады. Тиісті органдарға жағдайды реттеуді тапсырамын. Автобустардың мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы болуын да бақылаңыздар.

Бүгіндері өңірден Астана, Алматы және Шымкент қалаларына әуе рейстері қатынайды. Соңғы уақытта билет бағасы арзандап, діттеген жеріне ұшақпен жететіндердің қатары артқан. Және алдағы жазда солтүстікқазақстандықтар үшін Петропавлдан тура Египетке ұшу мүмкіндігі тумақ.

Владимир Балахонцев – СҚО жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

– Петропавл халықаралық әуежайы «Скат» компаниясы және туристік фирмамен келіссөздер жүргізді. Сөйтіп, шілде мен қыркүйек айлар арасында облыс орталығынан Шарм-Эль-Шейх курорттық аймағына тура әуе рейсі қатынайтын болады.

Бұдан соң кезек темір жол вокзалындағы жаңғырту жұмыстарына келіп жетті. Мұндағы шаруаның 1-ші кезеңі аяқталған. Ал қалыпқа келтіру шаралары 2020 жылға дейін жалғасатын болады. Бір жылдан соң мұнда көптен күткен экскалаторлар да іске қосылмақ.

 

Магжан Ахмадина