МТРА жаңалықтары

Өңірдің өткен жылға әлеуметтік-экономикалық дамуы

Бүгін облыс әкімдігінің отырысында өңірдің өткен жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланды. Жиында аймақ басшысы Құмар Ақсақалов бірқатар аудан жетекшілерінің жұмысына көңілі толмайтындығын жеткізді. Әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру ісі бәсеңдегені үшін Айыртау ауданының әкімін сынға алды. Сондай-ақ, жиын барысында жалпы өндірісті өркендету, құрылысқа қарқын қосуға қатысты тапсырмалар жүктелді.

Облыстық әкімдіктің отырысында 2 мәселе қаралды. Оның алғашқысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының 2018 жылғы қорытындысы. Бұл тақырып бойынша аймақ басшысының орынбасары Асқар Сақыпкереев баяндама жасады.

Асқар Сақыпкереев – СҚО әкімінің орынбасары:

– 2018 жылғы қаңтар-желтоқсанда облыс бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикатор 104,4% құрады. 2018 жылғы қаңтар-желтоқсанда ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі 2% ұлғайды. Өнеркәсіп өндірісі – 2,2%, құрылыс жұмыстарының көлемі – 13,6%, бөлшек сауда – 0,6%, негізгі капиталға инвестициялар көлемі – 8,1%, тұрғын үй пайдаға беру – 9%.

Статистикалық мәліметке сүйенсек, өткен жылы ауыл шаруашылығы саласында 520 млрд теңгеден аса қаржының өнімі шығарылыпты. Мұндай көрсеткішке жетуге өңірдегі 12 аудан сүбелі үлес қосқан. Яғни, олар іске серпін беріп, тауар көлемін арттырыпты. Ал, Айыртау мен Тайынша керісінше, жұмысты нормадан төмен орындаған. Бұны облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатаң сынға алды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Айыртау ауданы жоспарланған істі 96 пайызға орындады. Себебі, аталған өлкеде сүт өндірісі 6,9 процентке кеміген. Асыл тұқымды мал басы да өспей жатыр. Оған қоса өсімдік шаруашылығында да көрсеткіш 6 пайызға азайған. Мұндай төмендеуге “Әліби” агрохолдингінің тигізген әсері бар. Аталған кәсіпорын былтыр гектарынан бар-жоғы 8,7 ц өнім жиды. Бұдан агроқұрылымның жөнді жұмыс істемей жатқандығын ұғынамыз. Яғни, олар техниканы жаңартпайды, тыңайтқыштар мен технологияны қолданбайды. Осындай жағдай Айыртау ауданы әкімінің, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармаларының салғырттығы салдарынан орын алды.

Бұл ретте Құмар Ақсақалов аудан әкімдері мен ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармаларының басшыларына егіс жұмыстары алдында проблемалық шаруашылықтармен жағдайды реттеуді тапсырды. Және үстіміздегі жылы алқаптарды әртараптандыру ісін жалғастыруды, сүт өндірісін – 570 мың, ал өндірілетін ет көлемін 580 мыңға тоннаға дейін арттыруды жүктеді. Мұндай көрсеткішке жету үшін мемлекет тарапынан көмек көрсетілмек.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 2019 жылы ауыл шаруашылығы саласына 41,2 млрд теңге субсидия бөлініп отыр. Былтыр бұл көрсеткіш 35 млрд-ты құраған болатын. Сол себепті, осындай зор қолдауды пайдаланып еңбек еткен жөн. Тағы, ауыл шаруашылығы басқармасы сүт, ет өндірісі мен шошқа шаруашылығы бойынша генетикалық орталық құрсын. Мұның арқасында шет елден әкелетін құны жоғары мал басын қысқартамыз. Бұған қоса, әр ауданда экологиялық таза өнім шығаратын серіктестік болуы қажет.

Жиында бюджеттің шығыс және кіріс бөлігінің 2018 жыл бойынша орындалуы туралы да сөз болды. Мұндағы жұмысты жиналғандарға қаржы басқармасының басшысы Ескен Әкімжанов баян етті.

Ескен Әкімжанов – СҚО қаржы басқармасының басшысы:

– Жергілікті бюджетке 41 млрд 542 млн теңге пайда түсті. Асыра орындау 448 млн теңгені құрады.

Өз сөзінде Ескен Әкімжанов салықты, басқа да міндетті төлемдерді толыққанды аудармай және берілген қаржыны игермеген аудандарға тоқталды. Әсіресе, Айыртау, Мамлют және Уәлиханов аудандары жиі аталды. Тағы, жиында өнеркәсіп саласы да талқыланды. Былтыр бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылып, 250 млрд теңгеден аса қыржының өнімі шығарылыпты. Дегенмен, кейбір кәсіпорындар көрсеткішті төмендетіп алған. Мұндай өндіріс ошақтарының арасында “Петропавл ауыр машина жасау” және “ЗИКСТО” сынды ірі зауыттар бар. Мәселен, алқашқы аталған мекеме өндіріс көлемін – 49,3, ал екіншісі 31,4% кемітіпті. Бірақ, көп кешікпей жағдай дұрысталуы қажет.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

–  Петропавл ауыр машина жасау және ЗИКСТО зауыттарында жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін мемлекеттен қайтарымсыз негізде 6,7 млрд теңге беріледі. Мұндай жағдай өңір тарихында алғаш рет орын алып отыр. Қаржының алғашқы бөлігі – 3,3 млрд теңгені алдық. Бұл ақшаға заманауи қондырғылар, білдектер жеткізіледі. Нәтижесінде 300-ден астам техниканың жаңа түрін шығаратын боламыз.

Облыс әкімдігінің отырысында құрылыс саласы да қаузалды. Былтыр бұл бағытта өсім орнап, 79 млрд теңгенің шаруасы тындырылыпты. Нәтижесінде 2 мыңнан астам пәтер пайдалануға берілген. Алайда, қолданысқа тапсырылған ғимараттардың басым бөлігі мемлекет қаражаты есебінен тұрғызылыпты. Яғни, бюджеттен тыс ақшаға салынған нысандар саны аз.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Былтыр Шал ақын ауданында бюджеттен тыс 43 млн теңгеге жұмыс жүргізіпсіздер. Ал, Ақжар ауданы 430 млн теңгенің шаруасын атқарған. Сіздерде көрсеткіш 10 есе төмен. Аудан әкімісіз, жағдайды дұрыстаңыз.

Нұрлан Есімов – Шал ақын ауданының әкімі:

– Биылға арналған бірқатар жобаларымыз бар. Айтар болсам, бордақылау алаңын тұрғызуға келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Іске инвесторларды тартамыз.

Бұл ретте аймақ басшысы аудан әкімдеріне тағы да тапсырма жүктеді. Ол үстіміздегі жылы бюджеттік емес ақшаға салынатын ғимараттардың көрсеткішін 40% жеткізуді тапсырды. Жиында жалақы мәселесі де тілге тиек болды. Ең төменгі еңбекақы Айыртау ауданында тіркеліп отыр.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

 – Кәсіпорындардағы жалақыны салыстыру барысында кейбір өндіріс ошақтарындағы еңбекақы 13 мың теңгені құрайтынын көреміз. Бұл қалай болғаны? Міне, осындай мекемелерді тексеру қажет. Олар әдейі жұмысшыларға төлейтін ақшаларын төмендетіп көрсетеді. Осылайша салықтан жалтаруды ойлайды. Жауапты органдар жағдайды бақылауға алыңыздар.

Өңір жетекшісінің жиында жүктеген тапсырмасы бұл ғана емес. Құмар Ақсақалов облыс әкімдігінің отырысы соңында аудан әкімдері және мемлекеттік мекемелерде басшылық қызмет атқаратын адамдар әр тоқсан сайын БАҚ өкілдерімен кездесіп, атқарған жұмысы мен жоспарларын баяндап отыруды тапсырды.

 

 

Култанов Байболат