Денсаулық сақтау

Өңірде қызылша дертінің белгілерімен 17 адам тіркелген

Жыл басынан елімізде қызылша ауруымен 749 адам дәрігердің көмегіне жүгінген. Олардың 500-ден астамы 14-жасқа дейінгі балалар екен. Мұндай фактілер Солтүстік Қазақстан облысында да жоқ емес. Соңғы 3 аптаның ішінде инфекциялық дерттің белгілерімен ауруханаға 17 теріскейлік түскен.

– Аналар қауымы, балаларыңызға абай болыңыздар! Қала бойынша қызылша эпидемиясы жарияланған. Ошағы – Бөкетов, 51 мекен жайы бойындағы үй. Инфекциялық бөлімшеде 10 бала жатыр. Қоғамдық орындарға бармауға тырысыңыздар. Бұл ақпарат Ульянов көшесіндегі емханада жұмыс істейтін дәрігерден түсті.

Бұл – соңғы күндері түрлі әлеуметтік желілерді шарлап жүрген хабар. Танымал мессендж бүкіл шаһарды аяқтан тік тұрғызды. Сөйтсек, ақпарат жалған болып шығыпты. Қызылшаның фактілері бар, бірақ карантинге жабылып, «ошаққа» айналған үй жоқ. Жалпы, теріскейде жыл басынан қызылша ауруының белгілерімен 17 адам ақ халаттылардың көмегіне жүгініпті. Олардың басым бөлігі 14 жасқа дейінгі балаларда тіркел.

Арман Күшбасов – СҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары:

– Қызылша әдетте вакцина алмағандардың арасында көбірек кездеседі. 17 адамның 4-уінде бұл диагноз расталып отыр. Олардың екеуі 1 жасқа толмаған, қалған екеуі – 1 жастағы балалар. Анықталғандай, бүлдіршіндер тиісті екпені алмаған. Себебі, қос баланың вакцина қоюға жасы жетпесе, біреуінің ата-анасы рұқсат етпепті. 4-ші жағдайда белгілі бір нақты себептерге байланысты екпе егу уақыты кейінге шегерілген.

Бүгінде бүлдіршіндердің екеуі толықтай сауығып, үйлеріне жіберілген. Мамандар бұл ретте тұрғындарды қызылшаға бейжай қарамай уақытында вакцина алуға кеңес береді. Себебі, екпенің күші 20 жылға дейін әсер етеді екен. Тіпті, инфекциялық дертті жұқтырып алғанның өзінде ол асқынбай, жеңіл түрде өтеді.

Дәуренбек Бейсембаев – СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

 – Қызылшаның алғашқы белгілері ол бөртпе емес. Алдымен, ол әдеттегі жедел респиратОрлық вирусқа ұқсас болуы мүмкін. Яғни, дене қызуы көтеріліп, адам өзін жайсыз сезінеді. Кейін ғана біртіндеп бөртпе пайда болады. Инфекциялық ауру кейін өкпе мен мидың қабынуына ұласуы мүмкін. Одан қорғанудың бір ғана жолы бар – ол вакцина алу.

Еске сала кетейік, тегін екпені екі мәрте алу мүмкіндігі қарастырылған. Ол – баланың жасы 1-ге және алтыға толғанда. Бүгінде өңір бойынша 60 мың вакцина бар.

Эльмира Садвокасова