Денсаулық сақтау

№13 мектептің ондаған оқушысы өздерін нашар сезініп, дәрігерге жүгінген

Жаппай улану әлде инфекция жұқтыру ма? Қаладағы №13 мектептің ата-аналар қауымы дабыл қағуда. Екі күн бұрын олардың балалары бірінен соң бірі төсек тартып қалған. Қазір ондаған оқушы сабақты босатуға мәжбүр.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Қаңтардың 23-і Заречный кентіндегі №13 орта мектеп оқушылары жаппай сабақты босатқан. Себебі, сейсенбі күні кешкісін ондаған бала өздерін жайсыз сезініп, ата-аналары оларға, тіпті жедел-жәрдем шақыруға мәжбүр болыпты. Бүгінде кейбірі ауруханада ем алып жатыр. Әке-шешелерінің айтуынша, бұған асханадағы тамақ не болмаса білім ошағындағы инфекция себеп болуы мүмкін.

Анжелика Цикунның 13-ші мектепте екі бірдей баласы білім алады. Сейсенбі күні олардың бірі асханадан тамақтанса, екіншісі ас ішпепті. Нәтижесінде 6 жасар Алисаның кешке қызуы көтеріліп, іші ауырып, жүрегі айныған. Түннің бір уағында балғын орташа ауыр жағдайда ауруханаға жеткізіледі. Анасының айтуынша, қызы мектепте берілген тағамдардан уланған.

Анжелика Цикун – ата-ана:

– Қызымның ас қорыту жүйесі толығымен қабынған. Бауырының көлемі ұлғайған. Дәрігерлер оған бір жарым айға диета жазып берді. Алғашында бар гәп -асханада деп ойлаған да жоқпын. Сөйтсем, бұл жағдай жалғыз менің қызыммен ғана емес, тағы ондаған баламен орын алыпты. Кеше білім ошағында осыған байланысты жиналыс өтті. 28 оқушының әке-шешесі келіп, шағымдарын айтты.

Мектепте 180-ге жуық бала білім алады. Олардың тек 60-қа жуығы ғана осында тамақтанады екен. Асханаға жауапты «Лысенко» жеке кәсіпкерлігінің директоры ата-аналардың айтқанын жоққа шығарып отыр. Осы салада 12 жыл бойы жұмыс істейтін бизнесмен барлығы санитарлық норма мен талапқа сай дейді. Тағамдар оқушыларға берілмес бұрын мейірбикемен тексерілетін көрінеді. Оның барлығы мына журналға жазылған. Балалар төсек тартып қалған күні ас мәзірінде салат, балық пен картоп езбесі болыпты. Алайда, Валентина Фридрихтің балалары мектептен мүлдем тамақтанбайды. Сондықтан, нәзікжанды жеткіншектердің тағамнан улануы мүмкін емес деген тұжырымға келіп отыр.

Валентина Фридрих – ата-ана:

– Баламның жүрегі айнып, қатты сырқаттанып қалды. Қызуы көтерілді. Дәрігерлерге қаратқанда, олар ішек улануы деген диагноз қойды. Ұлым асханадан тамақ ішпейді. Сондықтан, аспаздарға кінә тақпайпын. Бірақ, істің анық-қанығына жету қажет. Балалар жаппай ауырып жатыр ғой.

Бұл пайымдаумен мектеп директоры Раушан Рамазанова да келіседі. Білім ошағында инфекция болуы мүмкін. Сондықтан, ата-аналар оқу ошағын карантинге жабу қажет деп безек қағуда. Бірақ, соның өзінде мектеп басшысында тиісті мамандарды шақырып, тексертейік деген ой да жоқ.

Раушан Рамазанова – №13 орта мектептің директоры:

– Қазіргі таңда әрбір сыныптан 5-6 бала сабаққа қатыспайды. Бірақ, қалған оқушылар білім алуларын жалғастыруда. Кешегі күні мен де өзімді жайсыз сезініп, жедел жәрдем шақырдым. Аурудың белгілері барлық балалардікіндей болды. Дәрігерлер маған бұл ротавирустық жұқпа деді.

Осылайша, Раушан Рамазанова өзіне қойылған диагноз бойынша қорытынды жасап, еш қауіп жоқ, бұл жай ғана ротавирустық жұқпа деп отыр. “Уайымдауға негіз жоқ” дегенмен қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы да келіседі. Мамандардың сөзінше бұл инфекция кезінде карантин қарастырылмаған. Ал дәл “ротавирус инфекциясы” диагнозы дәрігерлерге қаралғандардың тек біреуіне ғана қойылып отыр.

Эльмира Садвокасова