Мәдениет

Зейнел-Ғаби Иманбаевтың туғанына – 95 жыл

Биыл жерлес әдебиет майталманы Зейнел-Ғаби Иманбаевтың туғанына – 95 жыл. Шығармашыл тұлға қалың оқырманға өзінің өлеңдері, балаларға арналған әңгімелері мен очерктері арқылы таныс.

Аяулы жар, 10 баланың қамқор әкесі, әдебиет майталманы, тіл жанашыры. Зейнел-Ғаби Иманбаевты сипаттайтын бұл сөздерді шексіз жалғастыра беруге болады. Шығармашыл тұлға үнемі ізденіс пен талпыныс үстінде болған. Денсаулығына байланысты орта мектепті ғана тәмамдаған ол білімін өздігінен жалғастырған екен. Мұндай еңбекқорлыққа өзінің бауыр еті балаларын да баулыпты. Бүгіндегі әрбіреуінің жетістігі – тек асқар тау әкелерінің тәрбиесінің арқасы дейді қызы Марал Оспанова.

Марал Зейнел-Ғабиқызы – З.Иманбаевтың қызы, ҚР Журналистер одағының мүшесі:

– Бізге әкеміз әдепті болуды үйретті. Тәрбиемізге көп көңіл бөлетін.

Әдеби кешке Зейнел-Ғаби Иманбаевтың туған-туыстары мен жора-жолдастары да жиылған. Шара қонақтары ақынның өмірі мен әдеби туындылары жайында сөз қозғауда. Жалпы, оның шығармашылыққа ден қоюы өлең жазудан басталыпты. Алғашқы туындылары 1940 жылы облыстық «Ленин туы» газетінде жарық көрген. Сол бастан-ақ пайда болған сүйікті оқырмандары мерзімді баспасөздердің әр нөмірінен дарынды тұлғаның тырнақалды еңбектерін күткен екен.

Болат Қожахметов – ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Құрметті журналисі:

– Зейнел-Ғаби Иманбаев әрдайым өзінің еңбектерін оқушы дәптеріне жазатын. Газетке күн сайын дерлік бір мақала келетін. Қара сиямен, үлкен қылып жазушы еді.

Зейнел-Ғаби Иманбаев – 20-шы ғасырдың қиын-қыстау кездерін өз көзімен көрген жан. Сол себепті, қалам тербеген тақырыптары да Ұлы Отан соғысы кезіндегі тыл жұмыстары мен тың және тыңайған жерлерді игерушілердің қажырлы еңбегінің төңірегінде болды. Зейнел-Ғаби Иманбаев қалың жұртшылыққа тек ақын ғана емес, жазушы ретінде де танымал. Әдебиет майталманы, әсіресе балаларға арнап көптеген туындылар жазған.

Гүлнәр Иманбаева – З.Иманбаевтың келіні:

 – Ол кісі өз заманының зиялы қауым өкілі болған. Барлық адамдармен, балаларды жақсылыққа баулыған. 02-44 Ауырып жатқанның өзінде кітаптарын жазуды үзбейтін.

Әдеби кеш барысында жас ақындар Зейнел-Ғаби Иманбаевтың өлеңдерінен үзінді оқып, өздерінің жазған арнауларын да паш етті.

 

 

Эльмира Садвокасова