Білім

Ұстаздар “Педагогтың мәртебесі туралы” заң жобасын талқылауда

Қазақстандық ұстаздардың табысы арта түспек және олар зейнетке ертерек шыға алатын болады. Жуырда Білім және ғылым министрлігі Елбасының тапсырмасы бойынша “Педагогтың мәртебесі туралы” заң жобасын әзірледі. Қазір оны еліміздің түкпір-түкпірінде кәсіп иелері қызу талқылап жатыр.

6 тарау және 21 бап. Білім және ғылым министрлігі әзірлеген заң жобасының ауқымы әзірге осындай. Бірақ, оны қабылдамас бұрын “Педагогтың мәртебесі туралы” жарғы ұстаздардың талқысына тасталды. Солтүстікқазақстандық мұғалімдер де пікір білдіруден шет қалмақ емес.

Алмаз Тұрсынбеков – “Өрлеу” БАҰО” АҚ филиалы “СҚО ПҚ БАИ” ақпараттық технологиялар бөлімінің басшысы:

– Жуырда Білім және ғылым министрлігінің вице-министрі Эльмира Суханбердиеваның қатысуымен Астана және Атырау қалаларында “Педагогтың мәртебесі туралы” заң жобасын талқылау шарасы өткен болатын. Бүгін, міне, Петропавл қаласындағы “Өрлеу” БАҰО филиалында өңір мұғалімдері жобаны “Bar Camp” форматы бойынша талқылап жатыр. Шара бойынша қорытынды жасалып, ой-пікірлер республикалық “Білімді ел” газіетінде жарияланады.

Ең алдымен, бұл мәртебелі маман иелерінің жалақысын арттыру көзделген. Сондай-ақ, сынып жетекшілік пен дәптер тексеру сынды қосымша қызметтер үшін төленетін қаражат та арта түспек. Ұстаздарды әлеуметтік қорғауға да баса назар аударылған. Заң жобасында мұғалімдерге қызметтік пәтер беру қарастаралған, тағы олар жеңілдетілген шарттар бойынша ипотека рәсімдеу мүмкіндігіне де ие болмақ. Және мектеп қабырғасында үздіксіз 30 жыл еңбек еткеннен кейін зейнетке шығу жайы қаралып отыр.

Жадыра Қаржауова – Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған облыстық гимназия-интернатының мұғалімі:

– Менің еңбек өтілім 22 жыл. Жаңашылдықпен толық келісемін. 30 жылдасын зейнетке шығар болсам, 52 жаста боламын. Бұл өте қуанышты жағдай. Бұл заң жобасы мұғалімдердің өзіндік кәсіптік қызметін жетілдіруге бағытталған.

Ал ұстаздың ар-намысын қорлағандарға 12 мың 625 теңге көлемінде айыппұл төлету көзделіп отыр. Бұл жобадағы қағидалардың бір парасы ғана. Өздерінің мәртебесі туралы құжатты талқылауда ұстаздар аса белсенді. “Өрлеу” біліктілікті арттыру институтының облыстық филалында өткен кездесудің өзінде жерлес педагог қауым тарапынан бірнеше ұсыныс түсті. Олар жауапты Министрлікке жолданбақ. Ұстаздардан түскен тілектердін негізінде әлі талай өзгертулер орын алады. Заң жобасын үстіміздегі жылдың мауысымында қабылдау жоспарланып отыр.

Саят Ермек