Спорт

Көкшетаулық “Арлан” “Құлагер” командасынан реванш алды

Сенімді реванш. Алғашқы матчта “Құлагер” клубына есе жіберген көкшетаулық “Арлан” кешегі қарымта ойында айдын иелерін тізе бүктірді. Бірінші кездесуде жеңісті жұлып алған петропавлдықтар бұл жолы қонақтарға мүлдем қарсылық көрсете алмады.

Алғашқы ойындағы сәттіліктен соң жанкүйерлер “Құлагер”-ден тағы бір жеңіс күткен еді. Бірақ, бұл жолы хоккейсүйер қауымның сенімі ақталмады. “Арлан” айдынға өткен матчтағы қателіктерін саралап-сараптап шықса керек. Бұл анализ бірінші период соңында нәтиже берді. Есеп ашқан – Иван Кисилев.

Ал екінші периодтың басында құлагерліктер Дмитрий Потайчуктан тағы бір шайба өткізіп алды. Араға 2 минут салып Вячеслав Крашенинин есеп айырмасын қысқартып, айдын иелерінің жеңіске деген үміт отын тағы бір жандырды.

Бірақ, “қасқырлар” өліспей беріспек емес. Үшінші кезеңде қонақтар тағы екі рет “Құлагер” қорғанысын сәтті бұза біліп, есепті 1:4-ке дейін жеткізді. Бұл матчта теріскейлік құраманың қақпасын Алексей Трифонов қорғаған еді. Бірақ, “қорғады” деп айту қиын. Десе де, ойын аяғына 5 минут қалғанда “Құлагер” жинақылық танытып, екінші шайбасын салған еді, көп кешікпей оның есесін “Арлан” шабуылшысы Сергей Егоров қайтарды.

Қорытынды есеп 2:5. Осылайша Петропавлда “Арлан” қанжығасына 4 ұпай байлады.

Вадим Бердников – “Арлан” ХК шабуылшысы, Көкшетау қаласы:

– Кеше кейбір ұтымды сәттерді пайдалана алмай қалдық. Содан кейін “Құлагер”-дің ойын өрнегіне толық анализ жасап, осал тұстарын біліп алдық. Бұл сараптама бүгін бізге 5 бірдей шайба салуға мүмкіндік берді. Негізі, “Құлагер” – мықты қарсылас. Оларға қарсы әр кездесу бізге қиынға соғады.

Ал “Құлагер” активіне екі ұпай салды. Әзірге, турнирлік кестенің 6-шы сатысында тұр. Айта кеткен жөн, жергілікті команданың кезекті кездесулері алдағы жұма және сенбі күндері өтеді. А.Винокуров спорт сарайында құлагерліктер “Теміртау” құрамасын қабылдайды.

 

Саят Ермек