МТРА жаңалықтары

Қала әкімінің алғашқы есептік кездесуі өтті

Петропавлда қала әкімінің халық алдындағы есептік кездесулері бастау алды. Бұндай алғашқы жиынды Марат Тасмағанбетов шаһардың солтүстік бөлігінің тұрғындарымен өткізді. Шара барысында 2018 жылы атқарылған қыруар шаруа айтылып, алдағы уақытта жүргізілетін жұмыс жоспары да сөз болды. Кейін қала басшысы есептік кездесуге келгендердің базынасын тыңдап, жұртшылықты мазалап жүрген сұрақтарға жауап берді.

Зал адамға лық толы. Қала әкімінің есептік кездесуіне келгендердің санында шек жоқ. Шаһардың өміріне белсене араласып, мазалаған сұрақтарын жеткіземін дегендер алдымен Марат Тасмағанбетовтың 2018 жылы атқарған жұмысын мұқият тыңдады. Былтыр тыңдырылған шаруа жетерлік. Әсіресе, құрылыс саласы қарқынды дамыған. Бірнеше әлеуметтік маңызы бар нысандар қолданысқа беріліп, тұрғындар көптен күткен баспаналарына қол жеткізді. Алайда, әлі де ақсап тұрған салалар аз емес. Бұны шаһар басшысы да жоққа шығармады.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Қаламызда орналастырылған аялдамалардың басым бөлігі – біртекті. Бұл – “Астана-2013” жобасы бойынша жүзеге асқан болатын. Бірақ, соңғы уақытта олардың ыңғайсыздығы туралы көп шағым келіп түсіп жатыр. Сондықтан, биыл павильондарды ауыстыру бойынша жұмысты алға қоймақпыз.

Шынымен де, осындай аялдамаларда қақаған аязда автобус күту кәдімгідей азапқа айналады. Оған қоса, қоғамдық көліктің жағдайы да бүгінде мәз емес. Былтыр 15 су жаңа қытайлық шағын автобус сатып алынған. Алайда, олардың тарлығы мен жалпы қолайсыздығы көпшіліктің көңіліне қаяу түсіріп отыр. Қалалықтардың сұрайтын кең әрі жайлы автобустарының құны “зайчик” деп аталып кеткен көліктерден шамамен екі есе қымбат, шамамен 36 млн теңге тұрады.

Сол себепті, бұл мәселенің шешімі алдағы уақыттың еншісінде. Есесіне, биыл қоғамдық көлік құны бір тиынға да көтерілмейді деді әкім. Шаһар басшысы қала тұрғындарының арқалап келген базыналарын тыңдаймын дегенде микрофондарға кәдімгідей кезек құрылды. Аулаішілік жолдар, ойын алаңқайлары мен шағын футбол алаңдары. Жылма-жыл есептік кездесуге келетіндердің әрбір екеншісі осы мәселені көтереді. Алайда, биыл Марат Тасмағанбетов бұл сұраққа жауап алмайсыздар деп бірден қайырды.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Осы бастан келісіп алайық. Аулаішілік жолдар, ойын алаңқайлары мен шағын футбол алаңдары бойынша өтініш, сұрақтарыңыз болса, залда отырған хатшыларға барыңыздар. Мекен жайларыңызды, телефон нөмірлеріңізді мамандарға жазып, проблемаларыңызды жеткізіңіздер. Есептік кездесулерден кейін барлығы міндетті түрде мұқият қаралатын болады. Ал қазір бұл мәселелердің әрқайсысын тыңдайтын болсақ, кездесу көпке созылып кетер.

Қала тұрғыны Алимпиада Крылованың айтар уәжі теріскейлік ақ халаттыларға қатысты. Жедел жәрдем деген тіркес бүгінде бос сөзге айналып отыр дейді қала тұрғыны. Мамандардың келуін күту – ол бір, ал дәрігерлердің өз ісін орындай алмауы – ол мүлдем басқа мәселе.

Алимпиада Крылова – қала тұрғыны :

– Ағымдағы айдың 16-сы менің жұбайымды 3-ші қалалық ауруханаға алып кетті. Оның өкпесін рентгеннен өткізді. Кейін жап-жас дәрігер келіп, жолдасымды қарамастан, облыстық ауруханаға жіберді. Сонда келген жедел жәрдем керек-жарақпен мүлдем қамтылмаған. Фельдшерлер оны санитарлық зембілге жатқызып, көліктің мұздай еденіне орналастырды. Бұл не деген сұмдық?

Оған қоса, емханалардың алды мұз айдынына айналған. Салдарынан, пандус арқылы да көтерілу мүмкін емес. Облыстық денсаулық сақтау департаментінің құзыреттілігіне жататын бұл сұрақ мұқият қаралады деді шаһар басшысы.

Ал Лидия Афанасьеваның шағымы тау болып үйіліп жататын қарға қатысты. Қарияның айтуынша, көшелерден қарды тазалайды, бірақ уақытында шығармайды. Қала әкімі жауапты органға тиісті тапсырма берді.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Қарды тазалап болғаннан кейін, оны таңғы сағат 8-ге дейін шығару қажет. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі, бұны өздеріңіздің тәжірибелеріңізге енгізіңіздер. Шаһарда қар шығарумен айналысатын 10 кәсіпорын бар. Аталған шаруаны тиянақты, уақытында орындаңыздар!

Тұрғындарды мазалаған сұрақтардың бірі көпқабатты үйлердің лифтілеріне қатысты. Шаһардағы 101 үйде жалпы саны 338 жеделсаты бар. Олардың үштен бірінің қолданыс мерзімі аяқталуға жақын.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Біздің қалада лифтілер ескірсе де, тұрғындар оны жөндеп, пайдалана береді. Бұның арты кейін қайғылы оқиғаға әкеп соқтыруы мүмкін. Сондықтан, биыл оларды ауыстыру бойынша жоспарлы шараларды бастамақпыз. Аталған мақсатқа қыруар қаржы қажет. Себебі, бір жаңа жеделсатының құны 9-10 млн теңгені құрайды.

Әсел Есімова Жуков көшесі, 34 мекен жайы бойынша салынған су жаңа баспанадан пәтер алыпты. Алайда, 2 ай бұрын қоныс тойын тойлаймын деген нәзікжандыға үйінің кілті әлі табыс етілмеген.

Әсел Есімова – қала тұрғыны:

–  Мен Жилстройсбербанк арқылы Жуков көшесі, 34 мекен жайы бойынша орналасқан 5 қабатты үйден пәтерге ие болдым. Ипотеканы төлеп жүргенімізге 2-ші ай болдым. Бірақ, баспанамызды көрген де емеспіз. Кілтін де берген жоқ.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Тағы шара барысында ескі ағаштардың кесілуі, жолдарды жөндеу және кеңейту бойынша да сұрақтар қаралды. Айта кету қажет, Марат Тасмағанбетовтың халық алдындағы келесі есептік кездесуі қаңтардың 25-і қалалық мәдениет үйінде сағат 16.00.-де өтеді.

Эльмира Садвокасова