Қоғам

Жастар сарайында бал жәрмеңкесі өтуде

Балды сүйіп жейтін тұрғындардың құлағына алтын сырға. Қаңтардың 21-інен Жастар сарайында бал жәрмеңкесі бастау алды. Осы жолы ресейлік омарташылар пайдалы өнімнің 20-дан астамын әкеліпті.

20-дан астам емге шипа. Бұл дәріге емес, балға қатысты айтылған сөз. Табиғи таза өнімді тек тұмау кезінде ғана пайдалану – қалың жұртшылық арасында қалыптасып қалған стереотип. Ол асқазан, жүрек, бауыр ауруларынан арылтып, көру мен есту қабілетін жақсартатынын барлығы бірдей біле бермейді.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Ал бүлдіршіндерге бал таңдау барысында абай болған жөн. Дәрумендерге толы тәттінің барлығы бірдей кішкентайлардың ағзасына жақпауы мүмкін. Бұл ретте омарташылар балғындар үшін жантақ балын ұсынады. Ол ағзадағы улы заттар мен артық тұзды шығарып, иммунитетті нығайтады.

Ал кешқұрым түйе тікенек балымен шай ішкендердің шаршағаны басылып, бойы сергіп қалады. Жалпы, жантақ өсімдігінің емдік қасиеттерін халқымыз ерте заманнан-ақ білген. Оның құрамында денсаулыққа пайдалы витаминдер мен эфир майлары бар. Сондықтан, бұл шөптен алынатын балдың да адамға тигізер пайдасы зор екені сөзсіз.

Оксана Кравченко – сатушы-консультант:

– Ақ түйебұршақ балы диабет ауруына шалдыққандар үшін өте пайдалы. Себебі, ағзадаға қант мөлшерін көбейтпей, қан құрамындағы холестеринді азайтады. Сондай-ақ, асқазан жұмысын жақсартып, жүрек ауруларына да ем болады. Айта кету қажет, балды таңертең тамақ ішпес бұрын бір қасығын жеген абзал.

Ал жөке балы таныстыруды талап етпейді. Ол өзінің бактерияға қарсы қасиетімен танымал. Шипасы мол табиғи «дәрінің» жәрмеңкеде түр-түрі бар. Біреуі оның сұйық түрін ұнатса, енді бірі көпіршітілгенін алуды жөн көреді. Қалай болғанда да, балдың пайдасы әрдайым сол қалпында сақталады. Оны тек 40 градустан жоғары су ғана бүлдіруі мүмкін. Сол себепті, мамандар пайдалы өнімді ып-ыстық шаймен немесе қайнап тұрған тіршілік көзімен араластырмауға кеңес береді. Виктор Денисенко Жастар сарайында қызмет етеді. Осы уақыт аралығында бал жәрмеңкесін бірде-бір рет өткізіп алған емес.

Виктор Денисенко – қала тұрғыны:

–  Біз балды отбасымызбен сүйіп жейміз. Жәрмеңкеге келген сайын пайдалы өнімнің түр-түрін аламын. Үйдегілерім оны тез тауысады. Бал болса, басқа дәрі-дәрмектің керегі де жоқ. Ауру-сырқаудың барлығына шипа.

Осы жолы омарташылар петропавлдықтарға балдың 20-дан астам түрін әкеліпті. Олар Қырғызстан, Қиыр Шығыс, Алтай жерлерінде жиналады. Жәрмеңке қаңтардың 29-ына дейін Жастар сарайында жұмыс істемек. Балды сүйіп жейтін қауым үшін есік таңғы 10-нан кешкі 8-ге дейін ашық.

Эльмира Сәдуақасова