МТРА жаңалықтары

СҚО әкімі Құмар Ақсақалов “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ болды

85 млрд теңге. Шамамен осы көлемдегі қаржыға “СЕВКАЗЭНЕРГО” акционерлік қоғамы жаңғырту жұмыстарын жүргізген. Бүгін атқарылған шаруа барысымен өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов танысты. Тағы, өңір жетекшісі “Севказэнергосбыт” серіктестігінде болды.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов ең алдымен “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ қарасты екінші жылу электр орталығына барды. Кәсіпорында 2009-2015 жылдар аралығында «Тарифті инвестицияға алмастыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауқымды жұмыс атқарылыпты. Мұны өңір жетекшісіне өндіріс ошағының директоры Виктор Бармин айтып берді.

Виктор Бармин – “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ Петропавл 2-ЖЭО директоры:

– Біз 4 қазандықты және 3 турбинаны жаңасына ауыстырдық. Бұның бәріне 45 млрд теңге ақша жұмсалды. Оның 30-ы – өзіміздің қаржымыз. Ал қалғаны займ болып табылады.

Жаңғырту жұмыстары өз нәтижесін берді. Модернизацияның арқасында станцияның электрлік қуаттылығы 380 МВт 541-ге дейін артыпты. Энергия өндіру көрсеткіші жылына шамамен 831 млн кВт жеткен. Тағы, 103 мың тонна көмірді үнемдеуге мүмкіндік берген. Оған 110 кВ қоса ашық тарату құрылғысы қайта құрылып, трансформаторлар жөнделіпті. Мұнымен орталық басшылығы тоқтап қалмақ емес.

Виктор Бармин – “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ Петропавл 2-ЖЭО директоры:

– Біз 220 кВт қоса ашық тарату құрылғысын қайта құру бойынша келісім шарт жасасып қойдық. Мұның нәтижесінде энергия жылдам таралады.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

–  Жүргізілген жаңғырту жұмысының арқасында өзімізді-өзіміз толыққанды электр энергиясымен қамтыдық. Әрі көршілес аймақтарға экспортталатын қуаттың көлемі артты. Бұл, әрине жақсы. Неге десеңіздер, экспортталатын электр энергиясын қысқартып, өзімізде кәсіпорындар ашуға болады.

Бұдан соң аймақ басшысы Құмар Ақсақалов “Севказэнергосбыт” серіктестігінде болды. Мұнда да бірталай жаңашылдықтар орын алыпты. Оның барлығы тұрғындар игілігі үшін жасалған.

Мағауия Сағандықов – “Севказэнергосбыт” ЖШС бас директорының міндетін атқарушы:

– Қазіргі таңда электр қуатымен қамту жайлы келісім 1 күнде жасалады. Ал жылу тарату бойынша 5 тәулік ішінде келісеміз. Бұрындары бұл істі жүргізудің мерзімі ұзаққа созылатын еді. Тағы, тұрғындардың өтініші бойынша да жұмыс жүргіздік. Мәселен, ведомствоаралық коммиссия отырысында орталықтағы қызмет көрсету терезелерінің аздығы жайлы сұрақ көтерілген болатын. Сол мәселені шешу үшін жуырда 1 терезені қолданысқа бердік.

Бұл ретте Құмар Ақсақалов кәсіпорын директорына электронды түрде төлем жасау үрдісін дамыту қажеттігін айтты. Себебі, тұтынушылардың 45 пайызы әлі күнге орталыққа келіп, есеп айырысады екен. Осының салдарынан мұнда кезек күту жайттары жиі орын алады.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

–  Мобильдік қосымшаға көп басымдық беру керек. Бұлайша төлем жасау өте жеңіл. Киви-қалтадан ақша аудару ісін де дамытқан абзал. Тағы, электронды түрде төлем жасаған кезде барлық коммуналдық қызметтер қосымшада болсын. Осыған баса назар аударыңыздар.

Серіктестіктің байланыс орталығында да болдық. Мұнда операторлар абоненттердің қоңырауларына жауап береді. Бұл жерде кәсіпорынның қай аумағында апат орын алғандығы жайлы хабар да келеді екен. Нәтижесінде қызметкерлер тұрғындарға жарықтың не себепті жоқтығы, қашан берілетіндігі жайлы мәлімдей алады. Әңгіме барысында тарифтердің төмендеуі жайлы да айтылды. Мұндай жаңашылдық елімізде Елбасының тапсырмасы асында орын алып отыр.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

–  Электр энергиясының тарифі – 9,3, судыкі – 9, кәріздік жүйе – 3, газбен жабдықтау – 1,6, тұрмыстық қалдықтарды шығару 5 пайызға төмендеді. Осының арқасында тұрғындар қыруар қаржыны үнемдей алады. Мәселен, 1 жылда 700 млн теңгеден аса ақша жерлестеріміздің қалтасында қалады.

Кездесу соңында өңір жетекшісі тарифтердің төмендегеніне қарамастан монополист компаниялар сапалы жұмыс істеулері қажеттігін еске салды.

Байболат  Култанов