Аптадағы маңызды жаңалықтар

Руслан Аңбаев Мамлют ауданының әкімі лауазымына тағайындалды

Қыркүйектен бері бос тұрған Мамлют ауданының әкімі лауазымына бүгін Руслан Аңбаев тағайындалды. 40 жастағы азамат бұған дейін облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарған. Мамлют активіне жаңа әкімді өңір жетекшісінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров таныстырды.

Бұл – Мамлют аудандық мәслихатының кезектен тыс сессиясы. Жиында облыс әкімінің атынан бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров 4 ай бойы бос тұрған аудан әкімі лауызымына 40 жастағы Руслан Аңбаевтың кандидатурасын ұсынуда.

Айдарбек Сапаров – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Руслан Әкімжанұлы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ін 1999 жылы экономист-менеджер мамандағы бойынша тәмамдаған. Тағы агроном және заңгер мамандықтарын меңгерген. 2002-2005 жылдар аралығында бірқатар аудандардың салық қызметі органдарында түрлі лауазымдарда еңбек етті. 2015 жылдан бері облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарды. Кәсіби біліктілігі мен тәжірибесі мол.

Жергілікті халық қалаулылары бұл ұсынысты бірауыздан қолдады. Көп кешікпей жаңа әкім Мамлют ауданының активіне таныстырылды. Өңір басшысының бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров ауданды дамытуда ауқымды шаруа атқару қажеттігін алға тартты. Мүмкіндіктер мол, тек жаңа әкімге жұмысқа білек сыбана кірісу керек.

Айдарбек Сапаров – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Аудан экономикасын көтеру керек. Ол үшін барлық жағдай жасалған. Соған жақсылап кірісңіз. Үлкен сәттілік тілеймін. Халықпен жұмыс жасау қажет.

Руслан Аңбаев өз сөз кезегінде артылып отырған сенімді ақтауға тырысамын деді.

Руслан Аңбаев – Мамлют ауданының әкімі:

– Ауданның экономикасы мен әлеуметтік саланы алға жылжыту жолында еңбектенуге дайынмын. Жүктелген тапсырмаларды жоғары деңгеде орындауға бар күшімді саламын.

Жаңа басшыдан Мамлют жұртшылығы жемісті жұмыс күтеді. Негізі, бұл аудан қыркүйектен бері жетекшісіз отырған еді. Бүгінге дейін әкім міндетін орынбасары Рустам Ғаббасов атқарып келген. Ал өткен жылдың қаңтарында тағайындалған Жастілек Сыздықовқа жарты жылдан соң креслосын босатуға тура келді.

Саят Ермек – тілші:

– Еске салсақ, ауданның бұрынғы атқамінері Жастілек Сыздықов қыркүйектің бірі парамен ұсталған болатын. Ол жергілікті коммерциялық компания басышысынан 185 мың Ресей рублі, яғни шамамен 1 млн теңге көлемінде ауыз бастырық алып жатқан жерінен құрықталды. Экс-шенеунік өз кінәсін толықтай мойындады. Жаза ретінде ол 22 млн теңге көлемінде айыппұл төлеп, мемлекеттік қызметке тұру құқығынан айырылды.

Саят Ермек