Құқық қорғау органдары

Петропавлда аккумулятор ұрлап жүрген 3 жігіт ұсталды

Петропавлда аккумулятор ұрлап жүрген 3 жігіт ұсталды. Олар қаладағы кәсіпорындардың бірінің аумағына бірнеше рет жасырын кіріп, жүк көліктерінен 10 бірдей құрылғыны жымқырған.

Өткен жылдың соңынан бастап бүгінгі күнге дейін бәз біреулер қаламыздың өндірістік аймағында орналасқан кәсіпорынға ұрлыққа түсіп жүріпті. Олар мекеме аумағына 5 мәрте тығылып кіріп, жүк көліктерінен аккумуляторларды жымқырып отырған. Осылайша ұйымға жарты миллион теңгеден аса шығын келтірген. Көп кешікпей бұл оқиға жайлы тәртіп сақшыларына хабарланыпты.

Руслан Төлебаев – Петропавл қалалық ПБ бірінші полиция бөлімінің аға тергеушісі:

– Осындай ақпарат түсісімен жедел-іздестіру шарасын ұйымдастырдық. Нәтижесінде назарымызға іске қатысты бар деген күдікпен Петропавл қаласының 3 тұрғыны ілікті. Оларды ұстап, бірінші полиция бөліміне әкелдік. Кейін, жүргізілген тергеу амалдары кезінде қолға түскен жандардың 5 мәрте ұрлық жасағандары анықталды. Баукеспелерден қолды болған заттардың жартысы табылып, иесіне қайтарылды.

Ұсталған адамдардың жасы 19-бен 28-дің аралығын құрайды. Олар бұрындары да ұрлық жасап, сотталған екен.

– С друзьями украли. 5 эпизодов у нас. По два аккумулятора с каждой фуры, украли. 50 килограмм весит. 

– Потом? 

– Ну, сдали, на пункт приема металла.

Бөтеннің мүлкін жымқырған жандарға тиісті жаза қолданылмақ. Олардың қылмыстары толық дәлелденсе 5 жылға дейін сотталулары мүмкін. Бұл ретте полицейлердің кәсіпорын басшыларына айтары бар. Мамандар осындай жағдайларға тап болмас үшін нысан аумағын бейнебақылау құралдарымен 100 пайыз қамтуға кеңес береді.

Байболат Култанов