Спорт

“Құлагер” ХК біріншілік көшбасшысы – көкшетаулық “Арлан” құрамасынан басым түсті

Шайбалы хоккейден ашық ел біріншілігі жалғасуда. Кеше петропавлдық “Құлагер” командасы чемпионаттың аралық көшбасшысы – көкшетаулық “Арлан” құрамасын қабылдады.

“Арлан” – турнирлік кесте көшбасшысы. Қоржынында 95 ұпай бар. Сондықтан, көкшетаулық “қасқырлардан” басым түсу 6-шы сатыдағы петропавлдық құрамаға оңайға түспеді. Дегенмен, қорғаныста да, шабуылда да матч бойы “Құлагер” осалдық танытпады, керісінше тең ойын көрсете білді. Алғашқы жиырма минуттықта шайба салынбаса да, екінші кезеңнің 1-ші минутында команда капитаны Ильгиз Нуриев айдын иелерін алға шығарды.

Бұл екінші периодтағы жалғыз сәтті соққы. Осылайша шешуші кезең алдындағы үзіліске айдын қожайындары басымдықпен кетті.

Саят Ермек – тілші:

– Біріншілік аясында бұл қос құрама қарашаның 11-12 күндері кездескен екен. Онда өз алаңында ойнаған “Арлан” “Құлагер”-ден алғашқы матчта басым түссе, екіншісінде есе жіберіп алған екен. Бүгінгі матчта “Құлагер”, әзірге 1:0 есебімен алда келеді. Айтпақшы, кездесудегі жалғыз шайбаның авторы Ильгиз Нуриевтің бүгін туған күні. Өзінің 35 жасын “Құлагер” капитаны айдында қарсы алуда.

Көп кешікпей 3-ші период та басталды. Соңғы кезеңде спортшылар өте тартысты ойнады. Тіпті, бір сәтте қызбалық танытып, жұдырықтасып та алды. Ойын соңына қарай көкшетаулықтар белсенді. Нақтырақ айтсақ, матчтың аяқталуына 8 минут қалғанда “Арлан” шабуылшысы Константин Совенков Хозяшевтан айласын асырып, есепті теңестірді.

Сонымен есеп 1:1. Ережеге сай қос құрама бір-бір ұпайдан бөліп алды. Енді, олар матч жеңімпазын анықтау үшін овертаймда бақ сынасты. Небәрі 5 минуттық ойын, ал алаңда 6 хоккейші мен қос қақпашы. Бұл жолы “Құлагер”-дің асығы алшысынан түсті. Шабуылшы Денис Стасюк 3-ші минутта жеңіс шайбасын салып, капитанға уәделі туған күндік сыйлығын тарту етті. Қорытынды есеп 2:1.

Максим Первухин – “Құлагер” ХК:

– Үшінші периодта жинақылықты жоғалтып алдық. Әйтпесе, матчты негізгі уақытта жеңіспен аяқтауға болар еді. Бірақ, әріптестерімнің ойын сапасына көңілім толады. Көшбасшыға жақсы қарсылық таныта білдік. Бұдан бөлек, кездесу алдында туған күн иесі Ильгизге бүгін жеңіске жетеміз деп уәде берген едік. Бұл да бір жағынан көмектескен шығар.

Арланға қарсы қарымта кездесуді құлагерліктер бүгін кешке өткізеді.

Саят Ермек