Мәдениет

“Звонница” ұжымы Крещение мерекесіне орай концерт берді

Петропавлдағы “Звонница” орыс және казак әндері халықтық хоры Крещение мерекесіне орай концерт берді. Өнер ұжымы тыңдармандарына 20-дан астам туынды әзірлеген екен. Концертті менің әріптестерім де тамашалап қайтты.

“Звонница” хоры концерттерін “Отче наш” дұғасымен бастады. Себебі, аталған шара Крещение мерекесіне арналған. Христиандар арасында осы күні суға түскен жанның денсаулығы жақсарып, күнәләрі кешіріледі деген сенім бар.

Сергей Снурницын – “Звонница” орыс және казак әндері халықтық хорының концертмейстері:

– Осындай концертті Крещение мерекесіне орай ұйымдастырып отырмыз. Тыңдармандарды жаңа шығармаларымызбен қуантуға дайынбыз. Жалпы, хорда 24 адам өнер көрсетеді. Енді бұл концерттен кейін біз Наурыз мейрамына әзірлене бастаймыз.

“Звонница” хорының әндерін тыңдау үшін келген жерлестеріміздің қатары қалың. Ал өнер ұжымы өз кезегінде тыңдармандарына 20-дан астам дәстүрлі және рождестволық сарындағы туындылар әзірлеп әкелген екен.

Әуенді де әуезді. Өнер ұжымы әсем сазды үндестіріп, дәстүрлі казак әндерін нақышына келтіріп шырқауда. Жалпы, бүгінгі концертке құлақ құрышын қандыру үшін көбіне қарт адамдар келген екен.

– Мен Петропавлға өзімнің құрбыма қонаққа келдім. Осындай концерттің болатынын естіп, қуанып қалдым. Өте тамаша ұжым. Әндері де ұнады.

– Осы ұжымның концертіне әрқашан келіп тұрамын. Бүгін “Звонница” хоры жаңа туындыларымен қуантты. Әсіресе, Рождествоға арналған әндерді тамаша орындап шықты.

Молдир Шаяхмет