Денсаулық сақтау

Жатыр мойны обырының алдын алу

Елімізде қаңтардың 21-інен жатыр мойны обырының алдын алу апталығы бастау алды. Былтыр қауіпті дертке 70-ке жуық теріскейлік нәзікжанды шалдықса, 20-сы қатерлі ісіктің құрбанына айналған.

Жатыр мойны қатерлі ісігі – бүгінгі таңда ең жиі кездесетін қауіпті дерттердің бірі. Әлем бойынша бұл ауру сүт безі обырынан кейін екінші орында тұр. Жыл сайын дүние жүзінде жарты млн-ға жуық нәзікжанды аталған қатерлі ісікке шалдықса, 250 мыңдай келіншек одан көз жұмады. Адам шошытарлық статистиканың біздің елдегі жағдайы да мәз емес. Орташа есеппен алғанда күн сайын жатыр мойны обыры екі қазақстандық әйелдің өмірін үзеді.

Олег Дудяк – Облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігерінің орынбасары:

– 2018 жылы жатыр мойны обырымен диспансерлік есепке 51 нәзікжанды алынды. Олардың барлығы қатерлі ісіктің алғашқы кезеңдеріне шалдыққан. Яғни, 28-і – бірінші сатымен, қалған 23-і екінші сатымен тіркелді. 2017 жылы 57 адамды есепке қойған болатынбыз. Солардың біреуінде сырқат тек обырдың 3-ші сатысында анықталды.

Өткен жылы 20 теріскейлік нәзікжанды аталған қатерлі ісіктің құрбаны болған. Сол себепті, ақ халаттылар дабыл қағуда. Айтуларынша, тұрғындар өз денсаулықтарына бейжай қарап, тексерістен өтуді әрдайым кейінге қалдыратын көрінеді. Оның салдарын статистика да дәлелдеп отыр. Тіпті, мемлекет қаражатына жүргізілетін скринингтің өзіне солтүстікқазақстандықтарды шақыру оңай шаруа емес. Мәселен, аталған тексеріс тізіміне кіретін жатыр мойны обырын анықтау процедурасын ақылы өтсе, оның құны 3 мың 721 теңгені құрайды екен. Ал скрининг аясында 30 бен 70 жас аралығында әйелдер үшін бұл шара 4 жылда бір рет тегін жүргізіледі.

Күлзипа Сандыбаева – Облыстық онкологиялық диспансердің скрининг бойынша жауапты маманы:

– 2018 жылы скрининг өтуге шақырылғандардың 93 пайызы тексеріске келді. Шара барысында 716 науқас анықталып, 673-і диспансерлік есепке алынды. Олардың 17-сі жатыр мойны обырына шалдыққан. 15 әйелдің дерті қатерлі ісіктің – бірінші, ал екеуінікі екінші сатысында тіркелді.

Скринингтің мақсаты – обырды алғашқы кезеңдерінде анықтау. Бұл дерттен толық айығуға мүмкіндік тудырады. Ал денсаулығын тексертемін деген жандар үшін қаңтардың 26-сы облыстық онкологиялық диспансерде «Ашық есік» күні өткізілмек. Гинеколог дәрігердің қабылдауы сағат таңғы 10-нан бірге дейін жүргізіледі.

Эльмира Садвокасова