Балалар

«Sensitive» бал биі ансамблі бас жүлдемен оралды

Кезекті жеңіс. «Sensitive» бал би ансамблі Дубайдан бас жүлдемен оралды. Шетелдік жұртшылықты өз өнерімен тәнті етіп қайтқан ұжымды жерлестері демалыс күні вокзалдан қарсы алды.

Міне, «Sensitive» бал биі ансамблі өз өнерлерімен қазылар алқасын ғана емес, күллі залда отырғандарды тәнті етуде. Оның нәтижесі – көрермендердің ыстық ықыласы мен бас жүлдені иеленуі. Осылайша, Дубайда атой салған өнер ұжымы демалыс күндері елге оралды. Оларды жерлестері зор қошеметпен қарсы алды.

Болат Данияров – «Нұр Отан» партиясы СҚОФ төрағасының орынбасары:

–  Біз алғашқы күннен бастап сіздер үшін қобалжып, қуанышты хабар күттік. Ұжымдарыңыз барша солтүстікқазақстандықтардың сенімін ақтады. Еңбектеріңіз еш кетпей елге жеңіспен оралдыңыздар.

Жалпы, «Sensitive» бал биі ансамблінің құрамында 34 жеткіншек бар. Дубайдағы өткен халықаралық «Дубай ист визион» байқауына соның тек 6-уы қатысқан. Топ мүшелері әнді, дыбысты естімей, ыммен ғана сөйлессе де, би билегенде олар біртұтас ағза сынды, бір-бірін жақсы түсінеді. Сондықтан, сахнаға шыққанда барын салуға тырысады.

Айнұр Саинова – «Sensitive» бал биі ансамблінің мүшесі:

– Байқауға бүкіл жер шарынан 400-ден астам адам қатысты. Конкурстанттар мықты болды. Біз 5 би биледік. Нәтижесінде үш 1-ші орын мен бас жүлдені жеңіп алдық. Сөйтіп, өзіміздің осал емес екендігімізді дәлелдедік.

Жүздері бал-бұл жанған жастар Дубайда өткізген күндерін ерекше ықыласпен еске алуда. Ал жетекшілері Ольга Ростовщикова шәкірттерін мақтан тұтатындығын айтты. Өйткені, «Sensitive» бал биі ансамблі өздері сияқты емес, сау балалармен бәсекеге түскен.

Ольга Ростовщикова- «Sensitive» бал биі ансамблінің жетекшісі:

– Бұл байқаудың біздер үшін маңызы зор болды. Өйткені, ол сау балалар арасында өткізілді. Ал менің ұжымымдағы жастар ерекше екенін өзгелері тек сахнаға шығарда ғана білді. Бірақ, ол бізге жақсы өнер көрсетуге ешқашан кедергі болған емес. Бізге барлығы тұрып қол соғып, өнерімізге тәнті екендіктерін көрсетті. Жалпы, бізге Дубайға баруға қаржылай қолдау көрсеткен «Нұр Отан» партиясы, облыстық әкімдік пен жергілікті полиция департаментіне алғысымызды айтамыз.

13 жыл бұрын құрылған ансамбль мүшелерінің бұл  елге әкеліп отырған осымен 6-шы бас жүлдесі. Десе де, олар мұнымен тоқтап қалмақ емес. Алдағы уақытта биік белестердің бағындыруды жалғастырмақ ниетте.

Мағжан Ахмадина