МТРА жаңалықтары

Оқушы қыздың үстіне шкаф құлады

Оқыста орын алған оқиға соңы дауға айналды. Айта кетейін, желтоқсанның басында Спорт сарайында 8 жастағы оқушы қыздың үстіне шкаф құлап кеткен болатын. Салдарынан балғынның 3 бірдей кеуде омыртқасына зақым келді.

Анна Вегель желтоқсанның 8-і, күндізгі сағат төрттерде екі қызын Спорт сарайына жаттығуға әкеледі. Кейін, үйіне қайтады. Ал осы уақытта нысанның фойесінде кісі көбейеді. Бұны байқаған күзетші балаларды жаттықтырушысыз киім ауыстыру бөлмесіне кіргізеді. Онда балалар тығылмақ ойнапты. Нәтижесі өкінішті аяқталған.

Анна Вегель – Аринаның анасы:

–  Арина тығылған қыздарды іздеп жүріп, алдында орындығы жоқ шкафты ашады. Сол сәтте жиһаз баланың үстіне құлайды. Ол өздігінен тұра алмағандықтан жанындағы достары үлкендерді шақырады. Сосын дәрігерлер келіп қызымды облыстық ауруханаға жеткізеді. Ол жерде 1 күннен соң Аринаның 3 бірдей кеуде омыртқасының зақымданғаны анықталды.

Оосы оқиғадан кейін Арина 10 күн бойы ауруханада ем алған.

Анна Вегель – Аринаның анасы:

–  Ауруханада жатқан кезде Спорт сарайының басшылығы келген де жоқ, қоңырау шалған да жоқ. Көмек те көрсетілмеді. Тек емдеу мекемесінде қызымның жаттықтырушысы болып, халімізді білді. Тағы, ауруханаға тергеуші де келді. Ол орын алған жағдаймен мұқият танысып, директордың үстінен қылмыстық іс қозғауға болатындығын жеткізді. Мен бұған келістім. Айта кетейін, қазір Арина үй жағдайында білім алып жатыр. Мектепке бармайды. Біраз бағдарламадан қалып қойды.

Ал қылмыстық іс қозғалған директордың аты-жөні – Александр Надобенко. Азамат жағдайды басқаша суреттеді. Ол ойын кезінде өзге қыздың шкафтың ішінде болғанын айтады. Міне, Арина есікті ашқан сәтте сол жеткіншек сырта шықпақ болған. Нәтижесінде жиһаз теңселіп құлаған. Әңгіме барысында қос тарап келісімге келді. Басшылық науқастың ем-домына көмектесетіндігін мәлімдеді.

Александр Надобенко – Спорт сарайының директоры:

– Баланың денсаулығы біздер үшін аса маңызды. Сондықтан, біз көмектесеміз. Яғни, Аринаға анасы алып берген корсеттің, дәрі-дәрмектің құнын өтейміз. Тағы, науқас жылына 4 мәрте оңалтудан өтуі қажет екен. Оған да қол ұшын созамыз. Бұдан басқа әке-шешелерге ұл-қыздарыңызды жаттығуға жіберуге қорықпаңыздар дегім келеді. Біз барлық шкафты орындықтарға бекітіп қойдық.

Айта кетейін, қазіргі таңда қаламыздағы Спорт сарайында 1 күнде 1000-ға жуық бала жаттығады екен.

Байболат Култанов