Құқық қорғау органдары

«Мигрант» республикалық жедел-алдын алу шарасының қорытындысы

Өткен жылы облыстық ПД көші-қон басқармасының мамандары шетелдік азаматтар тарапынан жасалған 3 мыңнан астам заңбұзушылық фактісін тіркеген. Елге заңсыз келгендерді анықтау жұмыстары әлі де жалғасын табуда. Жыл басталғалы тәртіп сақшылары 5 рейдтік шара ұйымдастырыпты.

Бұл – облыс орталығындағы көптеген құрылыс алаңдарының бірі. Бір қарағанда көзге оғаш болып ештеңе көрінбейді. Бірақ, көші-қон қызметкерлері тексере келе мұнда 5 бірдей өзбек азаматын анықтаған. Олар жеке басының жұмыстарымен өңірімізге қаңтардың басында келіп, кейін нәпақа табу үшін қалып қойған.

– Работал. 

– Разрешение не получали на работу? 

– Да, да.

Осылайша, көші-қон заңнамасын бұзған Өзбекстан Республикасының азаматтарына қатысты хаттама толтырылып, олар әкімшілік қамауға алынды. Осы сынды тағы өзге де заңбұзушылықтар республикалық «Мигрант» жедел-алдын алу шарасы барысында анықталған. Операция аясында полицейлер тек құрылыс нысандарын ғана емес, базар, вокзал маңын да тексерді. 5 күн ішінде шетелдіктермен ел аумағына кіру ережесін бұзудың 259 фактісі тіркеліпті. Сот шешімі бойынша 16 шетел азаматы елден қуылған.

Ермек Нұсұрбаев – СҚО ПД көші-қон басқармасы бастығының орынбасары:

– Жүргізілген шаралар аясында 3 мыңнан астам шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған 100 жұмыс беруші анықталды. 189 шетелдік ел аумағынан қуылды.

Ал өткен жылдың қорытындысы бойынша көші-қон заңнамасын бұзған 44 шетел азаматына қатысты қылмыстық іс қозғалған болатын.

Магжан Ахмадина