Бизнес және экономика

Кәсіпкерлер палатасы бизнесмендер арасында ауқымды сауалнама жүргізуде

“Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ел бизнесмендері арасында ауқымды сауалнама жүргізіп жатыр. Аталған шара Солтүстік Қазақстан облысында 28 мың іскер азаматты қамтымақ. 4 ай бойы жалғасатын сауалнама барысында айтылған ұсыныс-тілектер жүйеленіп, кейін мемлекеттік органдарға жіберіледі.

Республикалық шара қаңтардың 18-і басталып кетті. Қазіргі таңда арнайы оқудан өткен білікті мамандар 250 іскер азамат арасында сауалнама жүргізген. Жоспар бойынша 30 сарапшы күніне шамамен 20-25 адаммен жүздеспек. Сауалнама нәтижесінде жиналған ұсыныс-тілектер жүйеленіп, әкімдіктер мен мемлекеттік органдарға жіберіледі.

Дархан Қалиев – СҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры:

– Республикалық шара 1-мамырға дейін жүргізіледі. Оның барысында өңіріміздің барлық кәсіпкерлерін қамту көзделіп отыр. Сауалнаманың сұрақтары қиындық туғызбайды. Барлығы: 4 сұрақ. 1-шісі – кәсіпкердің ісі, 2-шісі – мәліметтер базасы жайлы ақпарат, 3-сі – бизнесмендердің проблемасы мен соңғысы – “Atameken Services” порталына тіркелу.

Айта кетсек, “Atameken Services” порталында несие алып, бизнес бойынша білімін жетілдіруге және құқықтық көмек алуға болады.

Аталған қосымшаны кәсіпкерлер компьютер және мобильді телефон құрылғысы арқылы қолдана алады. Бүгінде порталға 400-ден астам бизнесмен тіркелген екен.
Жалпы, биыл облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер азаматтардың құқығын қорғау кеңесі 10 отырыс өткізген. Нәтижесінде 31 мәселе қаралып, 35 ұсыныс жасалған екен.

Жеңіс Қазиев – СҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

– Өткен жылы бизнесмендерден барлығы мыңнан астам өтініш келіп түсті. Бүгінде соның 94-і өз шешімін тапты. Қалғаны қарастырылу үстінде. Келіп түскен сұрақтардың дені жер қатынастары, салық және мемлекеттік сатып алуға қатысты.

Айта кеткен жөн, бүгінде СҚО-да 28 мың кәсіпкер тіркелген.

Молдир Шаяхмет