Аптадағы маңызды жаңалықтар

Демалыс күндері өңір оқушылары ҰБТ тапсырды

Демалыс күндері бір мыңнан астам солтүстікқазақстандық оқушы ұлттық бірыңғай тестілеуден өтті. Олардың 300-ден артығы сынақты – өңірдің 3 ауданында, ал қалған 650-і облыс орталығында тапсырған. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ базасында жасақталған тест өткізу пунктінде арна тілшілері болып, түлектермен тілдесті.

Сенбілік таң. Ертесімен М.Қозыбаев атындағы СҚМУ маңында жиылған халықта есеп жоқ. Ұлттық бірыңғай тест тапсырушыларды қолдауға келген ата-ана, қобалжыған оқушылардың барлығы осында.

Әрине, тестті әлі 3 рет қайта тапсыруға мүмкіндік болса да сынақтың аты сынақ. Сондықтан, тексеруден өткен оқушылар біртіндеп аудиторяларға кіріп, жайғасуда. Тест кітапшалары орналасқан қорапша ашылып, жастар сұрақтарға жауап беруге кірісіп кетті. Кабинеттерде мүлгіген тыныштық орнады. Және ол 3 сағат 50 минутқа жалғаспақ. Нақ осынша уақыт бойы балалар тест тапсыруы тиіс.

Алмас Кенжеғалин – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы:

–  Бүгінгі күні бізде 650 бала ҰБТ тапсыруда. Оның 641-і мектеп түлектері болса, 9-ы – бірінші академиялық кезеңнен кейін университетке шартты түрде қабылданған суденттер.

Әрине, толық 4 сағатқа жуық уақыт отырмай, сұрақтарға ертерек жауап беріп шығып жатқандар да болды. Алғашқылардың бірі болып Алдияр Айтпаев көрінді. Болашақ журналист үшін тест сұрақтары оңай болмаған сыңайлы. Десе де, ол белгілі бір тәжірибе жинақтадым деп отыр.

Алдияр Айтпаев – Бексейіт орта мектебінің оқушысы, Мамлют ауданы:

– Әрине, қиын болды. Бірінші рет осындай сынақпен бетпе-бет келіп отырмын. Бүгін келіп өзімнің бағымды сынап көрмек болдым. Өйткені, ертек мен жаз айында келіп тапсырсам ол мен үшін таңсық нәрсе болады. Ал енді таныс болады.

Тестке қатысып, өз бағын сынауға келгендердің тағы бірі – Гүлжахан Оразбаева. Шет тілі мұғалімі болуға ұзақ уақыттан бері дайындалып жүрген нәзікжанды білім деңгейін тексерудің бүгін кезі жетті дейді.

Гүлжахан Оразбаева – №4 Булаев орта мектебінің оқушысы, М.Жұмабаев ауданы:

–  Қаңтардағы ҰБТ өз дайындығымды тексеруге келдім. Бұл тестке байқау сынақ ретінде қарадым. Маусымда мен әлі келіп тест тапсырамын. Тағы көптеген мәліметтерді жаттап, ЖОО грантқа түсуге тырысамын.

Сонымен, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ тест тапсырған оқушылардың 167-сі шектік балды, яғни 50 ұпайды жинай алмай қалған. Десе де, олардың әлі сынақты қайта тапсыруға мүмкіндігі бар.

Алмас Кенжеғалин – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы:

– 2019 жылдан бастап министрдің бұйырығына сай ҰБТ 4 кезеңде өткізіледі. Осы тестте шектік балл жинай алмағандар кейін 3 рет қайта тапсыра алады. Ол бізде наурыз, маусым-шілде және тамыз айларында өтетін болады.

Айта кетейік, тест тапсыру құны 2 мың теңгеден асады. Яғни, бір айлық есептік көрсеткіш көлемін құрайды.

Мағжан Ахмадина