Спорт

Қазақ күресінен облыс біріншілігі өтті

Қызылжарда қазақ күресінен 2004-2005 жылдары туылған балалар арасында облыс чемпионаты өтті. Дәстүрлі жарысқа жергілікті және өңіріміздің әр ауданынан келген 100-ден аса спортшы қатысты.

Мына балалардың барлығы – атағы жер жарған Қажымұқан, Балуан шолақ сынды бабалардың ізбасарлары. Олар атадан қалған өнерді жалғап, ұлттық спортты ұлықтап жүр. Бүгін дәл осы өрендер бозкілемнің шаңын шығармақ. Жас палуандардың үздіктері ел біріншіліне баратын болады.

Бауыржан Құлжанов – СҚО күрес федерациясының құрметті президенті:
–  Ең күштілерін іріктеп аламыз. Кейін, оларды Екібастұзға Қазақстан біріншілігіне апарамыз. 9 салмақ дәрежесі бойынша өтіп жатыр. Үлкен жарыс деп ойлаймын. Бұл чемпионаттың мақсаты – балаларымызды патриоттық сезімге тәрбиелеу, рухын көтеру болып табылады.

Ел чемпионатына іріктеу болған соң ба жарыс өте тартысты өтті. Ортаға шыққан әр бала намысқа тырысып, оңайлықпен жеңілгісі келмейтіндігін көрсетті. Мұндай кездесуді жиналған жұртшылыққа 38 келі салмақтағы қызылжарлық Ерасыл Қаратаев пен Шал ақын ауданынан келіп отырған өрен Темірлан Қоқаш та ұсынды. Олар бір-біріне қанша әдіс жасап көргенімен, әрдайым “итжығыс” орын алды.

Бірақ, бұл жерде Ерасыл уақытынан бұрын жеңіске жетті деп топшылағанбыз. Дегенмен, ол қазақ күресі ережесіне сай емес әдіс қолданыпты. Нәтижесінде Темірланға бүк ұпайы берілді. Осы басымдықты жас палуан соңына дейін ұстап, келесі кезеңге өтті.

Темірлан Қоқаш – жарысқа қатысушы, Шал ақын ауданы:

–  Жаңа ғана бірінші қарсыласымды жеңдім. Ол өте қатты күресті. Бірақ, мен мықты атандым. Арманым осы жарысты жеңгім келеді. Кейін, ел чемпионатына қатыссам деймін.

Дода соңында жеңімпаздар медаль, дипломдармен марапатталды. Айта кетейік, қазақ күресінен өткен облыс біріншілігіне 100-ден аса жас палуан қатысты.

Байболат  Култанов