Қоғам

Шыршаларға екінші өмір сыйлауға бола ма

Тойдың болғанынан боладысы қызық. Мерекелік тәтті-дәмді пісіру үшін қаншама пакет азық-түлік тасып, шырша таңдап, оны безендіріп әбігерге түскен тұрғындар Жаңа жылды дүркіретіп атап өтті. Енді, мишуралар мен ойыншықтар тағы біраз уақытқа орындарына қойылса, ал үйдің көркіне айналған табиғи шырша қоқыстан табылып жатыр.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Жаңа жыл мейрамы өтті. Қаншама күн бойы әр үйдің көркіне айналған әсем шырша күйбің тіршілікте қоқысқа тасталып, ұмыт қалды. Тұрмыстық қалдықтар жәшігінің қасынан өтсең тау болып үйіліп жатқан жасыл желекті көресің. Бір жылда санаулы сантиметрге ғана өсетін ағаштың осылай шашылып жатқаны көңілге кірбің түсіреді.

Еуропа елдерінде қолданыста болған қылқанды жапырақтыны іске қайта жарата біледі. Мәселен, Германияда пешке жағу үшін шымтезек дайындайды екен. Ал Канада елінде оның қалдықтарынан дәрі-дәрмек, АҚШ-та қағаз бен мысықтардың дәретханасына арналған толтырғыш зат жасалады. Ағашқа екінші өмір сыйлайтын теріскейліктер бар ма екен? Осы турасында тұрғындардың өздерінен сұрап білдік.

– Шыршаны тыңайтқыш ретінде пайдалануға болады. Оны үгітіп, топыраққа қосса, жер құнарлы болар еді. Бұрындары өз басым сөйтетін едім.

– Бұл ағаш қой. Бүгінгі таңда қағаздарды қайта өңдеп, пайдаға жаратуда. Дәл осылай шыршаға да екінші өмір сыйлауға болады.

Осы ретте біз қаладағы тұрмыстық қалдықтар төгумен айналысатын кәсіпорындарға хабарласып көрдік. Олардың бірде-біреуі Жаңа жыл мерекесінде қолданыста болған шыршыларды қайта өңдеумен айналыспайды екен. Қылқанды жапырақтылардың не тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне, не ботаникалық баққа қажеттілігі жоқ көрінеді. Мәселен, Алматы қаласында әлемдік ірі зоопарктердегі сияқты бір рет пайдаланылған жасыл желек жануарларды қоректендіруге немесе астына төсеуге жұмсалады екен.

Эльмира Сәдуақасова